"Мұхтар Мағауин қазір Түркияда тұрып жатыр. Сүйегі сонда қалса, түріктер де Мағауинді "оғыз жазушы" деп егеленіп алуы мүмкін: Халық Мұхтар Мағауин жайлы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ораз Әлімбеков фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Орта Азиядан шыққан жалғыз ұлы жазушы - қазақ!!!

"Жалаңтөс баһадүрді өзбектер егеленіп алды" деп қапаланып, шіли нетебермесеңдерші... Қазақстанды айтпағанда, Орталық Азия бойынша нағыз жазушы Мұхтар Мағауин ғой. Өзі айтты. Ол - қазақ. Қазір Түркияда тұрып жатыр. Егер сүйегі сонда қалса, бір-екі ғасырдан кейін түріктер де Мағауинді "оғыз жазушы" деп егеленіп алуы мүмкін ғой.. Келешек ұрпағымызды айтыстырып-тартыстырып қоймас үшін осы бастан бірбәле істеу керек...

Эх, қазағымды мазақ қылып құбылған қу дүние-ай", деп жазды. 

Мағауин кім?  

Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданы Баршатас ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. 

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантураны тәмамдады.

Жазушы еңбек жолын 1965 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі болып бастады.

Көрнекті жазушының "Кешқұрым" атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы "Жұлдыз" журналында басылды.

Содан кейін "Ақша қар", "Бір атаның балалары", "Қияндағы қыстау", "Көк кептер" повестері мен әңгіме жинақтарын, "Көк мұнар", "Шақан шері" романдарын, "Аласапыран" роман-дилогиясын, "Қобыз сарыны" атты монографияны, "Ғасырлар бедері", "Қазақ тарихының әліппесі" ғылыми-зерттеу еңбектерін, "Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет" оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. "Алдаспан", "Бес ғасыр жырлайды", "Ай заман-ай, заман-ай" ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да Мағауин құрастырған. 

Айта кетейік, Мағауин 2007 жылы елден кетіп, Чехияға қоныс аударды. Одан соң, баласының жұмысы ауысып, Америка құрама шататында тұрған.

Жазушы қазіргі таңда Түркия елінде тұрып жатыр.