Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан латын әліпбиіне көшуге қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Латын әліпбиі Қазақстанға керек. Бұл дұрыс. Бүгін әлем латын әліпбиін қолданады. Қазір интернетті ашсаң, негізінен ақпарат латын әліпбиінде ғой. Біздің бауырларымыз — түріктер, түрікмендер, өзбектер латынға көшті. Қорқынышты еш нәрсе жоқ. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Енді тек бұл ұсыныстың тек ұсыныс болып қалмағаны маңызды", — деп жауап берді Тайжан мәжілісте өткен отырыстан кейін журналистердің қойған сұрағына.
Сондай-ақ, ол бұл бастаманың саяси астарына қатысты мәселе бойынша да пікір білдірді.
"Әлеуметтік желілерде, кейбір ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында латын әліпбиіне көшудің саяси негізі бар деп жазып жатыр. Орыс әлемінен алшақтаймыз деген пікір де айтылуда. Бұл мәселеге қатысты сіздің пікіріңіз қандай? Шын мәнінде, осындай қауіп бар ма? Әлде жоқ жерден шығарылып жатқан дүние ме?", — деді журналистердің бірі.
"Орыс әлемінен алшақтасақ, оның несі жаман? Біз қазақпыз, біз орыс әлемі емеспіз. Иә, біз орыс әлемінен алыстап, түрік әлеміне жақындаймыз. Ешкім шектеу қойып жатқан жоқ. Орыс тілді ортада тұрғың келсе, тұра бер. Жалпы, латын әліпбиіне көшу қалай болатынын әлі білмейміз. Оны жүзеге асырудың тетігі қалай болатыны әлі ойластырылады. Өзбекстанда, мысалы, бірнеше жыл екі әліпбимен қатар жазды. Өтпелі кезең болатын шығар. Жалпы, бұл бағытымыз дұрыс", — деді Тайжан.
Айта кетейік, Президент 2017 жылдың аяғына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеуді ұсынып, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. Осылайша алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізіледі.