“Мұң” деген сөзге әуес болып кеттік: Президент қайғырып жүретін ұлт бейнесінен арылуға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам капиталы, білім және прогресс – Халық Конституциясының басты құндылықтары» ұранымен өткен дәстүрлі Тамыз педагогикалық конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде соңғы жеті жылда білім саласын қаржыландыру көлемі үш есе өсіп, 6,4 трлн теңгеге жеткенін атап өтті. Соңғы бес жылда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды. 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, 7 мыңнан астам пән кабинеті жабдықталды.

«Келешек мектептері» жобасы аясында тағы 217 мектеп бой көтеріп, оларда 460 мың оқушы білім алуы тиіс. Президенттің айтуынша, бұл мектептер оқытудың жаңа әдістерін сынақтан өткізетін алаңға айналуы керек.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім беру жүйесінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екенін айтты. Олардың қатарында реформалар мен өзгерістердің жиі жүргізілуі, кадр тапшылығы, бюрократия, өңірлер арасындағы теңсіздік, оқулықтардың сапасының төмендігі және басқа да проблемалар бар.

«Реформа үшін реформа жасамау керек»

Президент ең алдымен білім беру саласындағы үздіксіз эксперименттер мен жаңашылдықтарды сынға алды. Оның айтуынша, мұндай тәжірибелер білім беру жүйесіне айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

«Мазмұнмен толықтырылмаған, реформа үшін ғана жасалатын бос реформаларды тоқтату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кез келген өзгеріс жан-жақты талдаудан кейін ғана жүзеге асырылуы керек екенін атап өтті. Ал реформалардың өзі педагогтердің бар күшін алып, олар үшін тұрақты күйзеліс көзіне айналмауға тиіс.

Кадр тапшылығы, аттестация және бюрократия

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, педагог мамандығына қызығушылық артқанына қарамастан, Қазақстанда кадр тапшылығы сақталып отыр. Мәселен, биыл педагогикалық мамандықтарға 12 мыңнан астам түлек грант иеленген. Соған қарамастан елде 5 мыңнан астам педагог жетіспейді.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне кадр мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін әзірлеу тапсырылды.

Президент педагогтерді аттестаттау жүйесі мен Ұлттық біліктілікті арттыру орталығы «Өрлеудің» жұмысына да сын айтты. Оның сөзінше, мұғалімдер аттестаттау кезінде шамадан тыс жүктеме мен бюрократиялық әуреге түсетініне шағымданады.

Сондықтан аттестаттауға қойылатын талаптарды оңтайландырып, бағалау жүйесін педагогтер үшін түсінікті әрі ашық ету тапсырылды.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы мұғалімдерді мектеп жөндеу жұмыстарына және оқу процесіне қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға тартуға жол берілмейтінін тағы бір мәрте еске салды.

Оқулықтардың сапасы

Президенттің тағы бір тапсырмасы мектеп бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнына қатысты болды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықтаған. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев оқулықтарды қайта қарап, шындыққа сәйкес келмейтін тарихи мәліметтерді алып тастауды талап етті.

Президент патриоттық тәрбие беруде тарихи мифтерді пайдалануға, яғни шын мәнінде болмаған батырлар мен олардың ойдан шығарылған ерліктері туралы айтуға да үзілді-кесілді қарсы шықты.

Оның айтуынша, бұрмаланған ақпараттың таралуы халықтың «моральдық өзегінің шайқалуына» әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды «мәңгі мұңайып жүретін ұлт» бейнесі мен мінезінен арылуға шақырды.

«Кейбір әдебиетшілеріміз “мұң” деген сөзге әуес болып кетті: “жүрегімде мұң, көзімде мұң”! Мұң – біздің жастарымыз үшін жақсы серік емес. Мұны мен сіздерге анық айтамын», – деді Президент.

Өңірлер арасындағы алшақтық

Мемлекет басшысы білім беру нәтижелеріндегі өңірлік айырмашылықтарға да назар аударды.

Биыл ҰБТ-да Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері жақсы нәтиже көрсеткен.

Ал Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Ұлытау облысының көрсеткіштері айтарлықтай төмен болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе Түркістан облысына ерекше назар аударуды тапсырды. Өйткені PISA-2022 зерттеуінде де бұл өңірде білім беру сапасының төмен екені анықталған.

Үкімет пен әкімдіктерге өңірлер арасындағы білім беру нәтижелерінің алшақтығының себептерін талдап, оны жою жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Жасанды интеллектіні енгізу

Президент сөзінің бір бөлігі жасанды интеллект мәселесіне арналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын, алайда оның орындалуы тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін айтты.

Осыған байланысты Үкіметке оқушылар мен педагогтердің жасанды интеллектіні пайдалануына қатысты жүйелі ережелерді шұғыл әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар орта және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесіне технологияны қолданудың этикалық, құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілерін ескеретін стандарттарды енгізу қажет.

«Жасанды интеллект және оның құралдары – ермек үшін пайдаланатын ойыншық емес, күнкөріс көзіне айналатын құрал», – деп атап өтті Президент.

Бұдан бөлек, Үкіметке Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Балалар және әлеуметтік желілер

Мемлекет басшысы цифрлық ортаның балаларға ықпалына да назар аударды.

Оның айтуынша, Үкімет әлеуметтік желілерде 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунт тіркеуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірледі. Құжат маусым айында Парламентке енгізілген. Президент бұл мәселені Құрылтайдың алғашқы сессиясын ашу кезінде көтермек.

Сондай-ақ Үкіметке интернеттегі контентті сүзгілеу жөнінде шаралар қабылдап, балаларға арналған міндетті SIM-карталарды қолдану аясын кеңейту тапсырылды.

Мектептерде жаңа пәндер оқытылады

Президент жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастайтынын еске салды.

Сонымен қатар оқу бағдарламаларына «Конституция негіздері» және «Заң және тәртіп» курстарын енгізу жоспарланып отыр.

«…тек заңды сақтайтын әрі Конституцияны құрметтейтін жас ұрпақ қана өркендеген қоғам құрып, жеке басының әл-ауқатына, қарапайым тілмен айтқанда, бақытты өмірге қол жеткізе алады. Ал құқықтық нормаларды елемей, заңды бұзатын жастарды сөзсіз қылмыстық жаза мен қор болған өмір күтеді», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа пәндер мен курстарды енгізудегі басты мақсат – осы ақиқатты әрбір баланың санасына жеткізу екенін айтты.

Балалар мұражайлары мен Президент кітапханалары

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана, Алматы және бірқатар облыс орталықтарында жаратылыстану бағытындағы балалар мұражайларын құруды ұсынды.

Мұндай орындарда оқушылар түрлі тәжірибелер жасап, ғылыми жұмыстармен таныса алады.

Алдағы екі жыл ішінде Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында Президент кітапханаларын ашу жоспарланып отыр. Кейін мұндай мекемелерді Шымкент пен басқа да облыс орталықтарында ашу мүмкіндігі қарастырылмақ.

Сонымен бірге Президент Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін еске салып, білім беру нысандарын салуға және жалпы білім беру жүйесін дамытуға басымдық беру қажеттігін айтты.

«Өскелең ұрпақты прогрессивті, жасампаз құндылықтар негізінде тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекет, мұғалімдер мен ата-аналар бірлесіп күш-жігер жұмсағанда ғана балалардың үйлесімді дамуына барлық жағдайды жасай аламыз. Басқаша айтқанда, олардың жарқын болашаққа жолын ашамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.