Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 100 доллардан төмен түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Астана уақыты бойынша сағат 15:18-дегі жағдай бойынша, Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қарашадағы фьючерстері 2,17 пайызға арзандап, барреліне 98,16 долларға дейін төмендеді.
Америкалық WTI мұнайының қарашадағы фьючерстері 2,70 пайызға - барреліне 89,87 долларға дейін құлдырады.
Мұнай неге арзандап жатыр
Мұнай бағасының арзандауына Иран Ормуз бұғазын жеті күн ішінде ашуы мүмкін деген хабарламалар негізгі фактор болды. Бұл АҚШ әскери қысымды азайтып, Иран порттарының блокадасын жеңілдету үшін қадамдар жасаған жағдайда жүзеге аспақ. БАҚ мәліметтері бойынша, Тегеран бұл ұсынысты Вашингтонға делдалдар арқылы беріп қойған.
Бағаға Вашингтон мен Тегеран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың реттелуіне деген үміт қосымша қысым көрсетті. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездесуге дайын екенін айтқан болатын.
Тағы бір фактор - мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдардан кейін Сауд Арабиясы экспортының ішінара қалпына келуі. 20 қыркүйекте Saudi Aramco компаниясы жеті супертанкерге шамамен 14 миллион баррель мұнай тиеді. Алты күн ішінде Ормуз бұғазы арқылы өткен сауд мұнайының орташа көлемі тәулігіне 2,9 миллион баррельге жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, тамызда бұл көрсеткіш шамамен 700 мың баррельді құраған болатын.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірісіне, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан мұнай нарығындағы күрт өзгерістер Қазақстан экономикасы үшін қосымша тәуекелдер тудырады. Олар инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарына әсер етуі мүмкін.
Қазақстанның 2026–2028 жылдарға арналған бюджетінде базалық көрсеткіштер бекітілген: мұнайдың барреліне 60 доллар және доллар бағамы 540 теңге. Атап айтқанда, экспорттық кірістер мен мемлекеттік шығыстар осы параметрлер негізінде есептеледі.
Сонымен қатар, Қазақстанның 2027 жылға арналған бюджет жобасында мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде белгіленген. Ұлттық экономика министрлігі мәліметінше, бұл бағдар шамамен 18 халықаралық қаржы ұйымының консенсус-болжамы негізінде қалыптасқан.