Жоба әлі де мамандардың талқылауында. Нақты шешім жақын күндері қабылдануы керек. Қазір Иран Ислам республикасымен келіссөздер жүріп жатыр екен. Алдағы бірнеше айдың ішінде техникалық-экономикалық сметасы дайын болады. Бұл жоба қос тарап үшін де тиімді. Алдын ала жасалған есеп бойынша, зауыттың құрылысына 6 миллиард доллар жұмсалмақ. Қазірдің өзінде бірнеше ірі компания бұл жобаға ақша құюға ынталы,- дейді шенеуніктер. Ал, зауыттың құрылысы қашан басталатыны және оның өндіріс көлемі әзірге белгісіз. Қазір еліміз бойынша Атырау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 3 мұнай өңдейтін кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Дегенмен бұлар ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмай, Үкімет жоғарғы октанды бензинді Ресейден тасуға мәжбүр. Төртінші зауыт осы мәселені түбегейлі шешуі тиіс.
Рақымбек Әміржанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
-Мұнай өнімдері Маңғыстаудан Иранның солтүстік порттарына жөнелтіледі. Ал, Оңтүстік Иран біздің облыс пен еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына шикізат беріп тұрады. Сондықтан бұл жобаның екі ел үшін де маңызы ерекше. Біз Иранның мұнай министрлігімен бірнеше келіссөздер жүргіздік. Осы жылдың соңына дейін нақты келісімге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Loading...