Мұнай толы пойызға соққан жүргізушіге қатысты сот басталды

Темір жолдағы апат бойынша айыпталушы Биқожа Сүндетовке арнайы камерада емес, өз адвокатының жанына отыруға рұқсат етілген. Жүк көлігін тізгіндеген азамат тергеу барысында-ақ өз кінәсін мойындағаны үшін қолхатпен бостандыққа жіберілген екен. Ал кепілақыны жүк көлігі тиесілі компания төлепті.

Сәулебай Сансызбайұлы, адвокат:

–Негізі қылмыс жеңіл дәрежедегі қылмыс болып саналады. Абайсызда істелген қылмыстар санатына жатады. Кешірім беріліп отыр, ешқандай талабы жоқ екен. Материалдық және моральдық шығындар толық өндірілген. Сондықтан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындау жөнінде арыз түсірілді.

Сүндетов айыпталып жатқан апат былтыр қарашада болған. Жанармай таситын жүк көлігі мұнайға толы пойызға соғылған-ды. Салдарынан 17 цистерна отқа оранды. Машинист соңғы сәтте кабинадан шығып үлгерсе, оның көмекшісі тірідей жанып кеткен болатын. Мерт болған Нұрболат Жасановтың туыстары бүгін айыпталушыға кешірім берді. Ал денесінің 30 пайызы күйіп кеткен машинист айыпталушыға ең ауыр жаза беруді талап етіп отыр.


Берік Құлбарақов, жәбірленуші:

Шара қолдануыңызды сұраймын істеген ісіне байланысты.

- Басқа сұрақтарыңыз бар ма?

 Кешірім бересіз бе?

- Жоқ, кешірім жоқ!

Ертең судья айыпталушының соңғы сөзін тыңдап, тараптардың сөзжарысына өтпек. Содан соң сот бір шешімге тоқтайтын болады. Тағылған айып бойынша Биқожа Сүндеков 5 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.