Мұнайдың негізгі сорттарына белгіленген баға айтарлықтай өсімді көрсетті

Хабарламада атап көрсетілгендей, Нью-Йорк тауар биржасындағы (New York Mercantile Exchange, NYMEX) сауда сессиясының қорытындысы бойынша мұнай бағасы жаңа рекордқа қол жеткізді (Light Sweet маркалы мұнайдың маусым айындағы фьючерсінің құны соңғы саудалар барысында барреліне $117,18-ді құрады - агенттік ескертуі).

"Мұнай бағасы АҚШ долларының евроға шаққандағы бағасының ең құлдыраған кезінде көтеріліп отыр", деп түсіндіреді "ОМТ-Консалт".

Компания ақпаратына сүйенсек, Нигериядағы жағдай трейдерлерді қатты алаңдатуда. Royal Dutch Shell Plc. компаниясы Нигерияда басқыншылардың шабуылына байланысты күніне шамамен 169 мың баррель мұнай алуды тоқтатқан.

Мұнай бағасының қымбаттауы мен Еуропаның монетарлық билігінің бар күші инфляциямен күреске жұмылдырылуы керек деп есептейтін Еуропаның орталық банкінің жоғары лауазымды өкілдерінің мәлімдемесінен кейін АҚШ доллары евроға қатысты ең құлдырау шегіне жеткен.