Мұнайдың негізгі сорттарының бағасы дүйсенбі күнгі сауда нәтижесі бойынша айтарлықтай арзандады

Солтүстік теңіздің Brent маркалы мұнайына шілде айындағы келісім Лондонның InterContinental Exchangе биржасында 3,78 АҚШ долларына арзандап, бір баррелі 133,91 долларды құрады. Ал Нью-Йорктың NYMEX тауар биржасында Техастың WTI жеңіл мұнайының шілде айында жеткізілетін фьючерстік келісім-шартының құны $4,19 төмендеп, барреліне $134,35 болды.

Lehman Brothers инвестициялық банкінің мамандарының болжамдарына сүйенсек, 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың басында мұнай бағасы күрт төмендеуі мүмкін. Талдаушылар бұл жағдайды мұнай бағасының өте қымбат болуы себепті Азия елдеріндегі жанармайға деген сұраныстың азаюымен түсіндіреді. Осылайша, егер биылғы жылдың соңына қарай статистикалық мәліметтер Lehman талдаушыларының қаупін растайтын болса, мұнай бағасы күрт құлдырайды, деп есептейді аналитиктер.