”Мұндай жағдайға қалай түскенімді өзім де білмеймін”: Данияр Елеусінов ішімдікке тәуелділігі туралы

Бұл туралы ол Instagram-дағы stories-де айтты, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Спортшы жол апатына қатысты сыннан кейін ішімдікке тәуелділік болғанын мойындап, бір ай оңалту орталығында ем қабылдағанын жеткізді.

Елеусіновтің айтуынша, бұл мәселе Олимпиададан кейін басталған. Боксшы қоғамда мұндай қиындықты мойындаған адамды әлсіз деп қабылдайтындар көп екенін айтып, тәуелділікті тек адамның ерік-жігерімен байланыстыру дұрыс емес екенін түсіндірді.

«Бәрі мені ішіп алып, жол апатына ұшырадың деп сынап жатыр. Иә, мойындаймын, Олимпиададан кейін ішімдікке әуестігім пайда болды. Мұндай жағдайға қалай түскенімді өзім де білмеймін. Бұл күлетін нәрсе емес. Адамдар басына келмеген соң түсінбейді. Кезінде мен де жас кезімде мұндай нәрсеге күлетінмін. Бірақ өмірде біреуді сынаған нәрсең өз басыңа келуі мүмкін», – деді боксшы.

«Мен күресіп жатырмын»

Спортшы қазіргі таңда бұл мәселемен күресіп жүргенін айтты. Оның сөзінше, өзіңдегі қиындықты ашық мойындаудың өзі оңай емес.

«Мұндай нәрсені қазақ қоғамында айту қиын. Бірден “ерік-жігерің қайда?” дейді. Ерік-жігерің қанша мықты болса да, өмірде осындай сынақтар болады. Мен әлем чемпионы болдым, Азия ойындарын жеңдім, үлкен жетістіктерге жеттім. Бірақ менің де осындай сынағым бар», – деді Елеусінов.

Боксшы әлеуметтік желіде көпшілікке танымал адамдардың өмірі мінсіз болып көрінгенімен, шын мәнінде олардың да өз қиындықтары бар екенін атап өтті.

«Қазір бәрі “бізде бәрі керемет” деп көрсеткісі келеді. Бірақ жұлдыздардың да өмірі мінсіз емес. Біз де адамбыз. Менің де қиындықтарым бар», – деді ол.

Бір ай оңалту орталығында ем алған

Елеусінов бір ай бойы оңалту орталығында болғанын да айтты.

Оның сөзінше, спорттағы үлкен жетістіктер адамның өмірдегі барлық сынақтарға дайын болатынын білдірмейді.

«15 жасымда әлем чемпионы болдым, талай жүлде алдым. Бірақ кейін осындай жағдайларға тап болдым. Өмір болған соң сынақ та болады екен. Соңында ең маңыздысы — жақындарыңның амандығы. Әйелің мен балаларың қасыңда болса, соның өзі үлкен бақыт», – деді боксшы.

«Сынағанша, қолдаңыздар»

Данияр Елеусінов кәсіби мансабын жалғастырып, қайтадан жоғары деңгейге көтерілгісі келетінін де айтты.

Боксшы Америкаға чемпион болу мақсатымен барғанын және өзіне деген сенімін жоғалтпағанын жеткізді.

«Мүмкін, мен бәрінен мықты болғым келген шығар. Бәлкім, Головкиннен немесе Шүменовтен мықты емес шығармын. Бірақ “бәрі қолымнан келеді” деген сеніммен Америкаға қайта келдім. Чемпион боламын деген ниетім бар. Сондықтан сынағанша, қолдаңыздар. Қазақтың жігіті чемпион болып жатса, қандай жақсы. Ал бірден жерге түсіре салу оңай», – деді Елеусінов.