Сөзінше, ол алты әріптесімен бірге вакцинаның алғашқы сынамасын өздеріне жасатқан.
"Вакцина қауіпсіз. Сынама жасалғандардың ешқайсысында патологиялық ауытқулар болған жоқ. Ағзамызда вирусқа қарсы антиденелер қалыптасып жатыр.Ал егер антиденелер қалыптасатын болса, вакцина салғызған адам ауырмауы керек. Өз тәжірибемде ағзасында антиденесі бар адамдар немесе жануарлар қайта ауруды жұқтырғанын байқамадым", - дейді ол.
Бұған қоса ғалым вакцина жасатқызғаннан кейін коронавирустан қорықпай-ақ сыртта маскасыз жүре беруге болады дейді. Десек те ол еліміздегі шектеу шараларына сәйкес маска тағы міндетті екенін ескертті.
Зерттеуші қазақстандық вакцинаның ресейлік ғалымдар әзірлеген екпеден қандай айырмашылықтары бар екенін атап өтті.
"Біздің институтымызда бірден бес вакцина әзірленуде. Олардың екеуі халықтық, векторлы және заманауи гендік инженерия әдісімен жасалған субъбірліктік. Бірнеше вакцина дайындап жатқан мемлекет Қазақстан ғана. Басқа елдерде тек бір немесе екі вакцина әзірленеді. Көбіне векторлы вакцина жасалып жатады, өйткені онымен жұмыс істеу қауіпсіз. Міне, Ресей де дәл осындай вакцина дайындауда. Оларда алдын ала қол жеткізген сынамалары болғандықтан екпені тез дайындап бітірді", - дейді Леспек Күтүмбетов.
Бұған қоса ол қазақстандық вакцина жасау наурыз айынан бері қолға алынғанын айтады. Сөзінше, зертеушілер күні-түні тынбай еңбек етіп, клиникалық зерттеуді қатар алып жүрген.
Ғалымның айтуынша, қыркүйекте жасалатын вакцинациялаудың алғашқы легіне тек іріктеліп алынған 40 ерікті қатыстырылады. Өйткені вакцина халыққа жол тартпай тұрып төрт кезеңнен өтуі шарт. Ал күзде болатын сынама тәжірибенің алғашқы сатысы көрінеді.
Ал егер үкімет қолдап, министрліктер рұқсатын беріп, вакцина сынамалары сәтті өтсе, қазақстандықтар барлығы жылдың соңына дейін вакцинациядан өтуі мүмкін екен.