Мундиаль-2014: Карим Бензема Франция құрамасына алғашқы жеңiс әкелдi


Бiрiншi таймда Франция футболшыларына гол салу өте ауыр болды. Гондурас құрамасы барлық ұжыммен қорғанысты бекем ұстауға тырысты. Дегенмен тайм соңында өз айып алаңында француздық футболшыны шалып жыққан гондурастықтарға бас қазы айып добын белгiледi. Ол допты атақты шабуылшы, "Реал" клубының футболшысы Кәрiм Бензема мiнсiз орындады. 

Екiншi таймда Бензема гондурастықтардың қақпасына доп бағыттаған болатын, сол кезде доп қақпашыдан серпiлiп, голға айналды. Оның өзiн қазылар Бразилиядағы мундиальда тұңғыш енгiзiлген голды анықтаудың жаңа технологиясы негiзiнде бiлген болатын. Гол қақпашы Вальядарестiң атына, автогол ретiнде жазылды.

Дегенмен Бензема мұнымен тоқтамауға бекiнген және онысын матчтың 72-минутында іспен дәлелдеді. Осылайша, Бензема әлем чемпионатында дубль жасаған төртiншi футболшы болып отыр. Бұның алдында бразилиялық Неймар, голландиялық қос шабуылшы Ван Перси мен Роббен еншiлерiне екi голдан жазғанын айта кету керек.