Мұрат Құсайынов әуежайда қызметкер қызды бетінен ұрды деп айыпталуда. «Эйр Астана» компаниясындағылар әншінің үстінен полицияға арызданып та үлгерді. Әйтсе де, басы дауға қалған белгілі композитор жағдайдың мүлде басқаша болғанын айтады.
Жанжал Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайының ішінде болған. «Эйр Астана» компаниясының айтуынша, Алматыға бағытталған рейске жолаушыларды енді отырғыза бергенде, «Дос-Мұқсан» ансамблінің белді әншісі айқайға басқан. Атап айтқанда, танымал жолаушы аяқ киімін шешуден бас тартқан. Тексерістен толық өтуді сұранған қызметші қызды боқтап жіберген де екен. Одан қалды, бойжеткенге жұдырық жұмсаған көрінеді. Компания өкілдері қатты соққыдан жас қыздың жерге сұлап түскенін айтады.
Тілек Әбдірақымов, «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілі:
- Құсайынов қатты сөйлеген, балағаттаған. Құсайынов біздің жердегі қызмет көрсету менеджерін бетінен қатты соқты және оның денсаулығына зардап келтірген. «Эйр Астана» әуе компаниясы мұндай заңсыз әрекеттерге ешқашан жол бермейді.
Десе де, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің көркемдік жетекшісі оқиғаның мүлде басқаша болғанын айтады. Мұрат Құсайыновтың ол күні туысы қайтыс болып, Қордайға асығып бара жатқан беті екен. Қызға қол тигізбедім деп ант-су ішкен композитор керісінше компания өкілдері өздері ашуыма тиді деп отыр.
Мұрат Құсайынов, «Дос-Мұқасан» ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Ұрды-соқты дегендері өтірік. Алдыма тұрып алып, шешпесеңіз жібермеймін деді. Мен шешуден бас тарттым. Ерегіс туды. Мені танығаннан кейін олар кішкене сыйлап, кешіре салады, жібере салады деп ойладым. Олар сіздің кім болғаныңыз бізге бәрібір деп қасарысты. Мені қауіпті қылмыскер қылды. Мен қатты ашуландым. Өйткені еңбегім бар халыққа істеген. Қазақстанда мен еркін жүруге құқығым бар деп есептеймін! Сондықтан аяқ-киімді шешпеймін.
Енді аяқ киімнен туған дау сотқа бір-ақ жетуі мүмкін. Өйткені, «Эйр Астана» әншінің үстінен полицияға шағым түсірді.
Ләззат Қасымжанова, ҚР ІІМ көліктегі полиция департаменті баспасөз хатшысы:
- 14-сәуір күні Нұрсұлтан қаласы әуежайы желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне ҚР ҚК 293 бабы, 2 бөлімі, яғни «бұзақылық» бойынша тіркелді. Қазір тергеу жүргізілуде.
«Дос-Мұқасанның» негізін қалаушы да де өзіне жала жапты деп «Эйр Астананы» сотқа бермекші. Сондай-ақ, басқа рейске сатып алған 51 мың теңге шығынын өтеп алмақ. Ал композитор ұрып-соқты делінген қыз қазір аурухана. Бетіндегі көгерген ізі кетпейінше жұмысқа шығудан бас тартқан.