Мұратхан Тоқмәдидің бұрын ашылмай қалған атышулы қылмыстарға қатысы бар ма?


Тоқмәдидің "Семрюжком" және "ҚазШыныҚұрылыс" ЖШС-ларының тең құрылтайшысын 2005 жылы көмекшілерімен бірге бопсалады деген күдікпен тұтқындалғаны мәлім. Тергеу мәліметтері бойынша, ол аталған кәсіпорындардың жарғылық қорындағы үлесті ұрып-соғу, қоқаң-лоққы жасау арқылы алған, деп жазады "КАРАВАН" газеті.

Сонымен қатар, ол – "Депутатский корпус" ұйымдасқан қылмыстық тобы (ҰҚТ) басшыларының бірі.

Енді бизнесменнің және оның алдында ғана ұсталған 17 адамның (олардың арасында бұрын "Айшуақ Жантүгел" ҰҚТ-ның белсенді мүшесі болған лақап аты Шпек деген азамат бар. Кейін ол сол өзінің лақап атымен аталатын ҰҚТ құрған) бұған дейін ашылмаған атышулы қылмыстарға қатысы бар ма, қазір құзырлы органдар соны жіті тексеріп жатыр. Мысалы, Алматыдағы "Шыңғыс" ақша айырбастау орнына жасалған қанды шабуыл немесе Ақтауда лақап аты Косой деген қылмыс әлемі дөкейінің тапсырыспен өлтірілуіне қатысты іс әлі ашылмапты. Косойды 2013 жылдың желтоқсан айында өз үйінің кіреберісінде атып кеткен еді. Айтқандай, ол да кезінде "Айшуақ Жантүгел" ҰҚТ-ның құрамында болып, өткен жылдың аяғында ұсталған "Ағайынды төртеу" ҰҚТ-ның негізін қалаушы Еркін Ізбасармен араласқан.