Музей кітапханасының сирек кітаптар қорынан

Гийом Дю Шуль. «Римдіктердің әскери лагерь құру өнері және әскери тәртіптері туралы сөз». – Лион. – 1555 жыл (Бірінші басылым). Француз тілінде.

Сирек кездесетін басылымның мұқабасы XVI ғасырдағы былғарымен түптелген. Кітап мұқабасына елтаңба бедерленіп, алтынмен әшекейленген. Сондай-ақ, Симонетта Грибальди библиографиялық орталығының түпнұсқалық куәлігі бар. 

Гийом Дю Шуль (1496–1560) – француз тарихшысы, антиквариат зерттеушісі және патша кеңесшісі. Ол антика әлемін, әсіресе Рим жайлы зерттеулерімен кең танылған. Ежелгі дәуірді еңбегі арқылы танытуға тырысқан. 

«Римдіктердің әскери лагерь құру өнері және әскери тәртіптері туралы сөз» атты кітабында рим легиондарының құрылымы, тактикасы және тәртібі сипатталады. Әсіресе, лагерь ұйымдастыру логистикасына ерекше көңіл бөлінген. Римдіктердің әскери лагерь салу, олардың сәулеті мен стратегиялық жоспарлау туралы толық ақпарат келтірген. Автор сонымен қатар, римдіктердің жауынгерлерді дайындауға байланысты спорттық және дене жаттығулары туралы да жазған.