“Мүмкін ренжіткен шығармын, ауыр сөзден айтқан болармын": Данияр Елеусінов кешірім сұрады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

«Қазір ем қабылдай бастадым. Тек тамырға дәрі алумен шектелмей, жалпы кешенді ем алып жатырмын. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Сондықтан бұрынғы әрекеттеріме мән бермеңіздер. Мүмкін, біреуді ренжіткен шығармын, ауыр сөздер айтқан шығармын. Кімнің басында болмайды? Менің жаман әдетім – эфирге шығып кету. Енді ондай болмайды деп ойлаймын.

Мен бұл дерттен арылуға шындап бел будым. Баршаңызға ассалаумағалейкум! Жақында қатарға қосыламын, бұрынғы көңілді Данияр боламын. Бақытты Данияр қайта оралады», – деді спортшы.

Бұған дейін Данияр Елеусінов жекпе-жек шебері әрі актер Еркебұлан Тоқтарды «хайпажор» деп атап, оны жекпе-жекке шақырған еді. Тоқтар Олимпиада чемпионымен кездесуге келісім бергеннен кейін Елеусінов оны екіжүзділік танытты деп айыптады.

Сондай-ақ, бұған дейін Данияр Елеусінов алкогольге тәуелділікпен күресі туралы ашық айтқан. Спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында бұл мәселе Олимпиада ойындарынан кейін пайда болып, уақыт өте келе дертке айналғанын мойындаған.