Күлтөбенің басында емес, «Гүлнар Турдың» кеңсесінің алдында күнде жиын-тұғын маусым мен шілдеде. Шіліңгір шілденің аптабына қарамастан Түркияға барып аяқты аспанға іліп жатамыз деген туристер ашық аспан астында қаңғып қалған еді. Алғашында «Гүлнар Турдан» қыруар қаражатқа тур сатып алып теңізге кеткендер қайта алмай қапаланды. Теңгесін түгендеп қалтаға салып туристерін тастап кеткен турфирманың тірлігін Үкімет тазаламақ болды қашанғыдай. Сөйтіп, 400-ден астам отандасымыз отанға оралды. Ол аздай «Гүлнар Турдан» жолдама сатып алған тағы жүздеген қандасымыз Түркияға ұша алмай пұшаймен хәлге түсіп еді. Талай туристтің көз жасына қалған «Гүлнар Тур» ақыры сот шешімімен лицензиядан айрылып тынды. Ендігі кезек «Almaz Tourizm-ге» де жететін шығар.
Александр Ленских, турист:
-Мені отбасыммен қоса алдап соққан «Almaz Tourizm» компаниясы. 1-ші тамызда ұшуымыз керек еді Түркияға, кейінге қалдырды. 5-ші тамыз жібереміз деген, ол да өтірік болып шықты. 7-ші тамыз өтемақы төлейміз деп еді әлі күнге дейін бір тиын өндіре алмай жүрмін. Директоры телефонды көтермейді, хаттарға жауап бермейді.
«Гүлнар Турдың» тірлігін қайталаған «Almaz Tourizm-дегілер» Қазақстаннан Түркияға аттанануы тиіс демалушыларға турларын көптеп сатып хабарсыз қашқан. Ленскихтер отбасынан 7 адам сол күйі жазғы демалыссыз қалды. Ал «Almaz Tourizm-нің» қазір қалың қарашаға қолы тиер емес, өйткені олардың үстінен түскен 37 арыздың 3-еуі бойыша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ 20 тамызда Түркияға жетіп алған тағы бір отбасы қаңғып жүр. Қолдарына барарға билет қана берген турагенттік қонақ үйге тапсырыс бермеген, ас-суға да көк тиын төлемепті.
-Турларды «NEWTRAVEL7» турагенттігі арқылы сатып алдық. Кетерімізде барлық құжатты қолымызға берген. Барлығы төленіп дайын тұр деді. Бірақ Түркияда әуежайда күтіп алған гид сіздерге тек брон қойылды, бірақ қонақ үйдің қаржысы төленбеді және тамаққа да тапсырыс берілмеді деді. Бір күн әуежайда қондық, басқа амал жоқ. Қазір не істерімізді білмейміз.
-Жат жұртта жетімсіреп қалған қандастарымыз бүгінгі күнге дейін өз қалталдарынан 2 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Тағамдық талқан тауып, қонар қонақ үйге төлеу үшін. Бірақ Қазақ жеріне қайтайын десе не қаржы жоқ, не турагенттіктің көлеңкесі көрінбейді. Ал Отандастырымызбен ойнаймын деп от басып лицензиясынан айрылған «Гүлнар Турдың» басшысы әлі күнге табылмай жатыр. Сотқа да келмеген, құқық қорғау орындарының жауап алу туралы талабын да орындамай ізім-ғайым жоғалған.