Мыңдаған адамды тентіретіп жіберген «Гүлнар турдың» ісі сотта қаралады


Тұтынушылар лигасы енді сотта жапа шегушілердің мүддесін қорғайды. Олар міндетін орындамаған турфирманы мүлдем жабуды талап етіп отыр. Сондай-ақ, материалдық және моралдық шығын өндіріп алмақ. Бүгінде  «Гүлнар турдың» клиенттеріне келтірген шығыны 30 млн теңгеден асып жығылады. 11 мыңнан астам тұрғынның жазғы демалысының шырқын бұзған компанияның жұмысы қазір уақытша тоқтатылған. Қаржылық қитұрқылықтарын  Бас прокуратура мен қаржы полициясы тексеріп жатыр. Әзірше дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал атышулы «Гүлнар турдың» басшысы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Оны тұрғындар ғана емес, полиция да іздеп таба алмай жатыр. Бұған дейін кейбір ақпарат құралында «Гүлнар Турдың» орнын ресейлік туроператордың басатыны айтылған. Әзірге бұл мәліметі құзырлы органдар растаған да жоққа да шығарған жоқ.