Мыңдаған оқушы жылуы жоқ мектепте білім алуға мәжбүр

Қазір суық қой мектеп.

- Жоқ енді суық болғанда, жасалады

-Қашан жасалады?

- Қазандықтағы суды сорғызып жатырмыз.

Осылайша ата-аналар «мектеп суық» деп директорға дүрсе қоя берді. Алайда басшы бар кінәні білім ошағын тұрғызған құрылысшыларға жаба салды.

Жәкенбай Шәріпхан, мектеп директоры:

- Жұмыстарды толық аяқтамаған, әсіресе, мынау терезелерді жылылау, ең негізгі мәселе, котельныйдан жылу дұрыс тартылмаған.

Мектепке жылу жақын маңдағы құрылысы аяқталмай қалған балабақша қазандығынан беріліп отыр. Бірақ оның қысымы аз. Соңғы 3 жылдан бері балалар осылай қара суықта сабақ оқуға мәжбүр.

Бақыт Махметова, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен жібергім келмейді, балаларымды мектепке. Өйткені, 1 ай барады, 1 ай ауырады, кіріңіздер өздеріңіз көресіздер.

Мектеп ішін толық аралауға мүмкіндік болмады. Тілшілерді ғимарат ішіне кіргізгісі келмеген директор бар ашуын дәлізде жүрген ұл-қыздан алды. Сынып ішінде сырт киіммен отырған оқушыларды күртешелерін шештіріп тастаған. Ал директордың «құпиясын» балалар айтып салды.


-Қатты тоңып қалдым.

-  Күртешемен отырамыз.

Астанадағы Көктал кентінде орналасқан бұл №68 мектептің саршұнақ аязда тоңып отырғанын шенеуніктер жақсы біледі. Бірақ құрылысқа деп бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгенің қалайша жылу қазандығына жетпей қалғаны түсініксіз. Тек оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.