- Данияр мен Иванның кәсіпқойға ауысуы заңдалық. Екеуі де ұлттық құрамаға еңбегі сіңген спортшылар. Елеусінов – Олимпиада чемпионы, Әлем және Азия чемпионы. Әуесқой спортта біраз тәжірибе жинаған адам. Енді қазақтың екінші Головкині атансын деген тілек қана. Оған шама-шарқы, әлеуеті мен қабілеті жетеді. Дычконы да тәрбиелеп шығардық. Өзі қатысқан жарыстан жүлдесіз оралмайтын спортшы. Екеуіне де ақ жол тілейміз.
- Ұлттық құрамада қос батырдың орындары ерекше еді. Өкшелеп келе жатқан ізбасарлар бар ма?
- Әрине, 69 келі салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары қашан да. Жастар чемпионатында топ жарып жүрген жігіттерге жол ашылды. Абылайхан Жүсіпов, Илья Очкин, Садриддин Ахметов деген жігіттер болашақта өздерін көрсетеді. Иванның артынан ілескен Нұрлан Сапарбай, Қамшыбек Қоңқабаев, Олжас Букаев деген жігіттер өз кезегін күтуде.
- Жәнібек Әлімханұлы Қанат Исламның жекпе-жек кешінде тамаша өнер көрсетіп көзге түсті. Бірақ әлі толықтай кәсіпқой боксқа кетпеген сияқты ғой?
- Иә, ол әуесқойда. Қазір жарақатынан айығып емделіп жүр. Ақпанда өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысады.