Мысырда ұсталған 6 қазақстандық күмәнді оқу орталығына барған болуы мүмкін

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми өкілі Мысырға тіл курсына оқуға барған алты қазақстандық студенттің ұсталуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі Бақытжан Құлекеев Каир қаласындағы тіл курстарында оқитын қазақстандық алты тыңдаушыны Египеттің құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстағанын растап, олардың әлі сол елде екенін айтты.

Ведомство өкілдері аталған оқиғаның оң шешім тауып, азаматтарымыздың елге аман есен оралуына тілектес екендіктерін айтты.

«Осы оқиғаға байланысты Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев шетелдік оқу орындарына жастарымыздың бақылаусыз шығып кету мәселесін бірнеше рет көтерген болатын», - деп атап өтті министрдің кеңесшісі.

Жастарымыз шетелге діни білім алу мақсатында шығып, радикалды діни ағым идеологтарының ықпалына түседі. Бұл қазақстандықтардың шетелдегі діни оқу орындарына баруының реттелмеген тәжірибесінің салдарынан болып отыр. Бүгінгі таңда 300-ге жуық Қазақстан азаматы шетелде осындай жағдайда білім алуда, олардың көбі Египет пен Сауд Арабиясында оқиды. Аталған азаматтардың бір бөлігі түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде елге оралды.

«Аталған мемлекеттерде ахуал бүгінгі таңда күрделі екендігін түсіну қажет. Ол жақта терроризмге қарсы және жалпы көші-қон тәртібі күшейтілді. Осыған байланысты, егер радикалды ағымдардың жақтаушысы болмасаңыз да, марказ деп аталатын күмәнді оқу орталықтарында, діни немесе тілдік курстарында оқитын болсаңыз, жергілікті арнайы органдар мен полицияның назарына дереу ілігесіз», - деп баса айтты Бақытжан Құлекеев.

Осыған байланысты, министрлік осындай жастардың ата-аналарына балаларын шетелдік оқу орындарына жібермес бұрын мәселенің дұрыстығын мұқият ойластырып, барлығын ақылға салуға кеңес береді.


Бақыжан Құлекеев өзімізде де жоғары деңгейде діни білім беретін оқу орындарының бар екенін айтып, Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университеті мен еліміздегі медреселерді атады.

«Сондай-ақ, неліктен тиісті мамандық алып, болашақта табыс көздерін таба алатын басқа да білім алуды ойламасқа», - дейді министрдің кеңесшісі.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұдан былай шетелде келісімсіз білім алуға келген тұлғаларды жұмысқа қабылдамайтынын жариялады.

Қазіргі уақытта діни қызмет туралы заңнама жобасы әзірленуде. Осы жұмыс шеңберінде, шетелде теологиялық білім алумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін норманы ұсынатын болады.

«Бірнеше нұсқалар бар. Біз оларды басқа ведомстволардың сарапшыларымен талқылау үстіндеміз. Олардың бірі Қазақстанда бакалавриат деңгейінде жоғарғы діни білім алғаннан кейін және тіркелген діни бірлестіктердің жолдамалары бойынша ғана шет мемлекеттерде діни білім алуды қарастырады. Магистратура және докторантура деңгейі бойынша білім алуға шектеулер қарастырылмайды. Егер діни бірлестікте Қазақстан аумағында тиісті білім беретін мекемесі болмаған жағдайда ғана оқыту қарастырылуы мүмкін», - дейді ведомство өкілі.

Аталған норма бойынша қойылатын шетелге шығуға шектеу азаматтардың білім алудағы басты құқықтарын бұзбайды.