Тыныштығының талқаны шыққан Мысырға мысықтабандап енген бүліктің қазіргі қарқыны қатты қорқынышты. Перғауындар елінде Қазақ жерінің тумалары да аз емес екені әмбеге аян. Кеше оқ пен оттың арасында қанша қандасымыздың қалғанын тап басып таба алмаған Сыртқы істер министрлігі бүгін етек жеңін жинап анық ақпаратты айтты. Мысырда 150 қандасымыз бар екен, 136-сы студенттер. 14-і қазақстан азаматтығы бар қызметкерлер мен тұрғындар көрінеді. Студенттердің көбісі жоғарғы білімін арттырмаққа барған дін саласының шәкірттері. Бүгін олармен телефон арқылы тілдесудің сәті туды. 41 жастағы Мәлік Төлебей Мысырда отбасымен тұрады. 3 баланың әкесі. Дін саласында ғылыми еңбек жазып жатқан көрінеді. Сөзіне сенсек, Каирдың орталығындағы бүліктерден қандастарымыз жапа шекпепті.
Мәлік Төлебай, Мысырдағы қазақ студенті, теолог (телефон арқылы):
- Қаланың орталығы Тахрир деген майдан Рабиа Аль-Адавия алаңдарына шетелдіктердің қатысы жоқ, ол жаққа бармайды да оларды ішке кіргізбейді де. Оқушылардың бәрі тыныш елшілікпен тікелей байланыс бар. Әзірше штатный режим бұл жерде елшілік бәрін қадағалдайды ғой.Коменданттық сағат болса да өзі кешкі 6-7-ден кейін далада жүретін адам емеспіз. Сабақпен шұғылданып үйде болатын адамдар ғой.
Қанды қырғынның қапталында қалған қандастарымыз қаннен қаперсіз отырса, Мысырға аттануы тиіс отандастарымыз райынан қайтуда. Соның бірі -қарағандылық Максим Никифоров. Мамырда Қазақстанға оралған ол жуырда тауар алып кері перғауындар еліне аттануы керек екен. Бірақ соңғы жаңалықтарды естіген ол енді аттап баспақ емес ол жаққа.
Максим Никифоров, кәсіпкер (SKYPEарқылы):
- Мен Хургадаға 15 тамызда ұшып кетуім керек еді. Бірақ халқы күндіз-түні қырылып жатқан елге өз аяғыммен баратындай ақымақ емеспін ғой. Жағдай тұрақталғанша күтемін, тіптен Мысырға мүлдем кері бармауға да бекініп отырмын.
Кәсіпкерлер ғана емес, перғауындар елінде демалуды құп көретін қандастарымыз да қазір сапарларын кері шегеріп жатыр. Отандық туристеріміздің жартысынан астамы қарулы қақтығыс боп жатқан елге сатып алған турларын өзге аймақтарға ауыстыруды жаппай сұрауда. Отандық турфирмаларда хабарласқан жерлестерге Мысырға бармауға кеңес беруде.
Лида Королева, туристік агенттік директорының орынбасары:
- Қазіргі қақтығыстардан соң Мысырға сапар шегуге тур сатып алған отандастарымыз демалатын жерлерін жедел ауыстыруды сұрауда. Бұған дейін Мысырға қойылған брондардан да туристеріміз түгел бас тартты. Біз барлығының қалауын жасап жатырмыз.
Мысырдың өзінде бүгін қақтығыстан қаза тапқан 1000-ға жуық марқұмды жерлеу рәсімдері өтті. Қару асынып уақытша билікке қарсы шыққандар бүгінгі күнді қаралы күн деп жариялады.
Мысырдағы тұрақсыздықтан қандастарымыздың басына күн туа қалса Сыртқы істер министрлігі оларды шұғыл құтқаруға дайын екендіктерін жеткізді. Бүгінгі күнге дейін қарт құрлықтағы бірнеше мемлекет туристерін кері қайтарып алған. Ал перғауындар еліндегі қанды қырғын шарықтау шегіне жеткен сәтте тақтан тайдырылған Мұхаммед Мурсиді қамауға ұстау мерзімі тағы 30 күнге ұзартылды. Бұл жаңалық онызда Мысыр астанасы Каридың талқанын шығарған оның жақтастарына қамшы боп тиді, соңғы ақпараттар бойынша көтерілісшілерді қолдау мақсатымен Ливия, Пәкістан, Иеменде де қарсылық шаралары басталған.