Мысырдағы қынды қырғынның дәл ошағында 300-ге жуық қазақстандық қалып қойған

Мысыр астанасы Каирдегі қазіргі ахуал адам аярлықтай. Қаладағы қос бірдей ірі алаңда тағынан тайдырылған Мұхаммед Мурсидің жақтастары жамбастап жатып алған. Алаңды босатуды талап еткен күш құрылымдарымен арада кеше таң алакеуімде тұтанған қарсылықтың салдарын қазір ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қарудың даусынан құлақ тұнады, оққа ұшып қаза тапқандар қала көшелерінде жайрап жатыр.

Каирдың қақ ортасындағы Рабиа Аль-Адавия және Тахрир алаңдарында аяқ басып жүру қиямет қайым қазір. Басынан бақайшағына дейін мұздай қарланған сарбаздар мен тас-таяқты қолдарына ап қарсылыққа шыққан экс-президент Мұхаммад Мурсидің жақтастары жан алысып жан берісуде. Кеше таң алакеуімде басталған қақтығыстар қазір шарықтау шегіне жеткен, Каирде бас сауғалайтын жөні дұрыс жерде қалмады. Қала орталығында көтерілісшілердің қолдан жасаған бекеттерін ауыр әскери техника талқандап жатыр.

Наразы топты райынан қайтару үшін әскерилер қару қолданған.Жарақаттанғандар саны 3 мыңнан асып жығылады. Оларға жәрдем жасайтын ауруханалар сырқаттарға толы, көбісі өз жараларын өздері таңуға мәжбүр. Қарулы қақтығыстар кезінде бақилық болғандардың саны 1000 адамға жуықтады. Және бұл сан сағат сайын 100 адамға толығып жатыр. Ал марқұмдардың денесі алаңда сол күйі тасталып жатыр. Туыстарын тауып танығандар ғана жерлеуге әкетуде.

- Тікұшақтар алаңның үстінде ұшып жүріп бізге жарылғыш зат тастайды. Ал қарулы сарбаздар ғимараттардың төбесінде отыр, олар бізді алаңда көрген сәтте оқ ата бастайды.

Елді қазір билеп отырған уақытша билік қарсылық білдіргендер тізе бүкпейінше қарулы қақтығыстан бас тартпақ емес, темірдей тәртіп орнатамыз деп үні жеткен жерлерге үкім айтты. Каирден бөлек іргедегі тағы бірнеше провинцияда қарсылық шаралары тұтанған қазір. Қаңғыған оқ бас көтергендерден бөлек басқаларға да тиюде, қазіргі уақытқа дейін шетелдік 4 тілшінің оққа ұшқаны белгілі болады. Sky News телеарнасының операторы Мик Дин, Xpress басылымының тілшісі Хабиба Ахмед Абд эль-Азиз, Al Akhbar газетінің қызметкері Ахмет Абдель Гавад, және фототілші Мосаба Эль-Шами көз жұмды. Тынышы кеткен Египеттің 27 провинциясының 11-де  коменданттық сағат жарияланды бүгін.


-
Шарм-эль-Шейхте коменданттық сағат енгізілді, біз еш жерге шыға алмаймыз. Бұл шынында өте қауіпті.

Ал Мысырдағы от пен оқтың арасында қанша қандасымыздың қалғаны беймәлім. Сыртқы істеріміздің тігісін жатқызуы тиіс сыртқы істер министрлігінің қолында тіптен толық тізімде жоқ екен. Тек консулдыққа арнайы адам отырғыздық деп ақталды, басына іс түскендер атылған оқтардан аман жетсе консулдық барып жәрдем сұраса болады. Ал Сыртқы істер министрлігі білмейтін ақпарды дін істер агенттігі жариялады, қақтығыс орталығы Каирде дін саласында оқитын 200 студентіміз бар екен.

Нұржан Айтмаханов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

- Нақты бізге қанша азамттың бар екені белгісіз. Олдардан Қазақстанға эвакуациялау туралы сұраныстар келіп түскен жоқ.  ҚР СІМ өз азаматтарына Каир, Люксор, Александрия сияқты үлкен қалаларына сапар жасауына қалыс қалуына ұсынады.

Мысырдағы қарулы қақтығыстар туристердің  де құтын қашырды. Еліміздің Сыртқы министрлігі абдырап отырғанда Ресей бастаған бірнеше ел отандастарын ол жаққа жіберуден мүлдем бас тартыпты. Ал келтірілген шығынды Мысыр  үкіметі өтеп беруін талап етпек. Дегенмен барлық қауіпсіздік шараларына қарамастан жапа шеккендер саны сәт санап артып барады.

Сыртқы істер министрлігі Мысыр астанасы Каирде 136 студентіміз білім алуда деп ақпарат таратты. Бұдан бөлек Мысырда 114 қандасымыз тұрақты мекен етеді екен.