Сұхбат барысында журналист Ерлан Бекхожин Еуразиялық экономикалық одақ туралы Елбасының идеясына тоқтала келе Президенттен: «ЕАЭО мемлекеттерінде қандай да бір теңгерімсіздік тумай ма? Өйткені, олардың барлығында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жоқ» деп сұраған болатын.
«Мен бүгінгілердің не айтып жүргендерінен хабардармын. Расымен, әртүрліміз: Ресей - ең үлкен мемлекет, экономикасы да дамыған. Қазақстан - бұл Ресей емес, әрине, дегенмен біз индустрияландыруды жүргізіп жатырмыз, инновацияға басымдық берудеміз. Ал Беларусь ол да өзінше мемлекет, онда ауыл шаруашылығы жағы басым дамыған. Дегенмен, Еуропалық Одақ та әртүрлі емес пе? Ең қуатты дамыған ел - Германия, одан кейін Франция, ал Шығыс Еуропа әлсіз дамыған. Қазіргі Италия мен Грекияны салыстыруға да келмейді. Дегенмен, олар құрды ғой осы бірлестікті. Сондықтан да, біз ЕАЭО-ның түпкі мәніне үңілуге тиіспіз. ЕАЭО - бұл экономиканы дамытуға бағытталған ұзақмерзімді жоба», деді Н. Назарбаев.
Елбасы тағы бір мәрте бірлестіктің негізінен экономикалық мүддеге құрылғанына назар аудартты. «Одақта Қазақстанға не қызық бар? Біз теңізге шығар жолы жоқ елміз. Дегенмен, мен "біздің теңіз - Ресей, біздің теңіз - Қытай" деп жүрмін ғой. Бұнда шындық жатыр. Біз қазақстандық тауарлар үшін үлкен нарықты ашып отырмыз», - деді Н. Назарбаев.