Маджид бен Абдель Азиз ат-Турки араб дүниесіне ғана танымал ғалым емес. Ол Мәскеу университетінің саяси ғылымдар докторы, Алматыдағы Абай атындағы университеттің құрметті профессоры, Ресей қоғамдық ғылымдар академиясының нақты мүшесі.
Кездесу барысында политолог ғалым президентке өзінің бірнеше жыл бойы жазған "Қазақстандағы биліктің нұр шашуы" атты кітабын табыс етті. "Бұл Қазақстан туралы, оның президенті туралы араб тілінде баяндалатын бірінші кітап. Таңдау кездейсоқ Қазақстанға түсіп отырған жоқ: Қазақстан ұлығаусар өзгерістерді жүзеге асырып жатыр және өз өңіріндегі көшбасшы ел болып табылады", -деді брифингте Маджид ат-Турки.
Кітаптың атауының да өзіндік ерекшелігі бар, Нұрсұлтан деген ат араб тіліне "биліктің нұр шашуы" деп аударылады.
Президент сапарының екінші күнгі бағдарламасы Сұлтан Кабустың Үлкен мешітіне барудан басталды. Ол Арабия түбегіндегі Қағбадан кейінгі екінші үлкен мешітке саналады. Мешіттің жалпы аумағы 416 мың шаршы метрді құрайды. Мешіттің бес мұнарасы бар, олардың ең бастысының биіктігі 91 метрден асады. Ал мінажат залында салмағы 21 тонна, жан-жақ өлшемдері 70 те 60 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен парсы кілемі ілінген. Мінажат залына 7 мыңға дейін адам сыяды.
Бұдан кейін мемлекет басшысы Сұлтан Кабус ұлттық университеті мен "Білім Оазисі" технопаркінде болды. Білім ошағында мемлекет басшысы инженерлік факультеттің оқу зертханаларымен танысып, құрметті қонақтар кітабында қолтаңбасын қалдырды.
Сұлтан Кабус ұлттық университеті Омандағы жалғыз жоғары оқу орны болып табылады. Университет 1986 жылы Сұлтан Кабустың бастамасымен құрылған. Оқу кешенінің аумағында клуб, кітапхана, 5 дәріс залы, 100 аудитория, Мәдениет пен конференциялар орталығы, студенттер орталығы мен мешіт бар. Университетте қарапайым азаматтарға да қызмет көрсететін госпиталь бар. Университет 4 ғылыми-зерттеу журналы мен 2 жаңалықтар газетін шығарады.
"Білім Оазисі" технопаркі 2003 жылы ашылған, оның аумағы 25 гектардан асады, соның ішінде 20 мың шаршы метрді кеңсе орындары мен бизнес-инкубаторлар иемденеді. Паркте жоғары технологиялар саласымен шұғылданатын 60-тан астам компания, сондай-ақ, ақпараттық технологиялар жөніндегі 2 колледж ("Уальжад" қолданбалы ғылымдар колледжі мен ақпарттық технологиялардың таяу шығыс колледжі) жұмыс істейді.
Технопарктің басты мақсаты ішкі нарыққа жетекші әлемдік компанияларды тарту мен отандық жоғары технологиялар өндірісін дамытуға түрткі болуға саяды.
Сол күні сапар аясында ҚР СІМ М. Тәжин Оман Сұлтандығының сыртқы істер министрі Юсеф бен Алауи бен Абдулламен бірге дипломатиялық төлқұжаты бар азаматтарды виза талаптарынан босату туралы меморандумға және Оман Сұлтандығының білім министрі Рауяия бинт Сауд аль-Бусаидимен бірге білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасы мен Оманның сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.