Н. Назарбаев пен В. Путиннің кездесуінде бірқатар құжаттарға қол қойылды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.Келіссөздер барысында индустрияландыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары қаралды.



Мемлекет басшылары қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті аспектілері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде мәселе қозғады.

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың маңызды салаларын дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап көрсетті.

Өз кезегінде В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамып отырғанына тоқталып, жоғары технологиялы салалардағы өзара іс-қимылдың мейлінше белсендірек болу қажеттігін атап өтті.

                                                                                                        ***

Кездесу қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

- Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама;

- Қазақстан Республикасы аумағында атом электр стансасын салудағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

- «Қазатомпром» ҰАК» АҚ мен «Росатом» МК баламалы энергетика және сирек кездесетін жер металдары өндірісі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемесі;

- Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасы;
- Қорасан-1, Ақдала, Оңтүстік Іңкай (4 учаске) кен орындарында жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі Жол картасы.