Н. Назарбаев: Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы қылғанымыз жөн


«Қазақ тілі мәселесіне келетін болсақ, бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Одан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты және әлі де үйренеді. Былтырға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызы өсті. Бұл да біраз жайттан бізге хабар береді», - деп тоқталды Елбасы.
Президенттің сөзіне қарағанда, тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге жұмсалды. 
«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», - деп түйді Н. Назарбаев.