"Осы жарлықпен жолдаудың барлық қағидаларын қамтитын бағыттар бойынша құрылған 80 іс-шарадан тұратын жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар бекітілді", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, жолдауды іске асыру шеңберінде мұнай-газ саласында мемлекеттің халықаралық мұнай және энергетика нарықтарына ықпалды және жауапты қатысушы ретіндегі мемлекеттің ұстанымын күшейтуге басты назар аударылатын болады. Сонымен қатар, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оны әртараптандыруға бағытталған "Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы" бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұдан басқа, үкіметтің басым бағыттары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді дамыту болады.
"Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің қаржылық тұрақсыздық қауіп-қатеріне жүйелі және жедел ден қоюының пәрменді тетіктері әзірленетін болады", - деп көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен бірге, бәсекелестікті дамыту мақсатында "Бәсеке туралы" жаңа заң әзірленетін болады, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту жөнінде шаралар қабылданады.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, жолдауды іске асыру шеңберінде биыл жаңа Бюджет кодексі мен Салық кодекстері және үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы әзірленетін болады.
Сондай-ақ, Қазақстандық мемлекеттілікті одан әрі нығайту шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін нығайту және саяси жүйені одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Баспасөз қызметінен хабарлағандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылатын болады. Әкімшілік реформаны жүргізу одан әрі дамитын болады.
Президент жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық жоспарға сәйкес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру мақсатында зейнетақылардың орташа мөлшерін, жәрдемақыларды, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру жөнінде нақты шаралар қабылданатын болады. Оралмандардың жыл сайынғы көшіп келу квотасы жылына 20 мың отбасыға дейін көбейетін болады.
Тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында жалға берілетін тұрғын үй салу, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін тұрғын үй салу, жеке тұрғын үйді дамытуды ынталандыру және тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз ету мен оның сапасын арттыруға бағытталған басқа да шаралар көзделеді.
Әлеуметтік саланы дамыту шеңберінде білім беру мен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ "Тілдердің үштұғырлылығы" мәдени жобасын жедел іске асыру жалғасатын болады.
Жолдауды іске асыру шеңберінде ірі халықаралық іс-шаралар өткізу - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезі, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, 2009 - 2011 жылдар кезеңінде ЕҚЫҰ-ның басқарушы үштігінің жұмысы және 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
"Тұтастай алғанда, жалпыұлттық жоспардың іс-шаралары Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын дәйекті іске асыруға бағытталған", - деп атап көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.