Болашақта Жібек жолы бір-бірімізді жақсы түсінуге көмектеседі - Н. Назарбаев
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру ұсынысын жасады. Бұл дұрыс бастама, мен оны қолдаймын. Мен де қытайлық жетекшілерге «Жібек жолы әлемі сыйлығы» наградасы үшін алғысымды білдіремін. Жібек жолы бір-бірімізді жақсы түсінуге көмектеседі, деді Н. Назарбаев қытайлық ғаламтор пайдаланушылармен сұхбаттасу барысында. Бұл туралы Елбасы ғаламтор пайдаланушылардың «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру бастамасын жүзеге асырудың маңызы қандай?» деген сұрағына жауап беру кезінде мәлім етті.
ҚР Президенті: Қазақстан үшін көпбағытты сыртқы саясат өте маңызды орын алады
Қазақстан Президентінің айтуынша, Қазақстан Ресеймен, Қытаймен және Ислам елдерімен шектеседі. Еліміздің теңізге шығатын өз жолы бар. Сондықтан Қазақстан көліктік түйін ретінде пайдаланылуы мүмкін. ҚР үшін көпбағытты сыртқы саясат өте маңызды орын алады. ҚР Ресеймен ғана достық қарым-қатынаста болып қана қоймай, Қытаймен де жақсы ықпалдасып отыр. Қазақстанның барлық елдермен араласуы көршілес елдерге ешқандай ықпал етіп отырған жоқ. Мемлекет теңгерімді әрі өз халқына пайда әкелетін сыртқы саяси бағытты ұстануы тиіс. Бұл - өте дұрыс жол. Бұл туралы Н.Назарбаев пайдаланушылардың бірінің «Халықаралық саяси аренада дипломатиялық қатынастарда баланс ұстап тұру өте қиынға соғады, алайда Қазақстан бұл мәселеде жетістікке жетіп отыр. Сіз бұған қалай қол жеткіздіңіз?» деген сұрағына жауап беру кезінде мәлім етті.
Н.Назарбаев: президенттің жұмысы ауыр әрі қиын
Президенттің жұмысы өте ауыр және қиын, біздің бос уақытымыз жоқ, күні-түні, демалыссыз жұмыс істейміз. Н.Назарбаев Қытайдың Шанхай қаласында өткен онлайн-сұхбаттың барысында интернет пайдаланушысына осылайша баяндады. Ол жас интернет пайдаланушылармен өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Қытай халқы еңбекқор адамдарды жақсы көреді, біздің қазақстандықтар да еңбексүйгіш халық, деді Н.Назарбаев.
Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты туризм белгілі бір биіктікке әлі жеткен жоқ - Н. Назарбаев
«Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты туризм белгілі бір биіктікке әлі жеткен жоқ. 2017 жылы Қазақстанда ЭКСПО көрмесі өтеді. Дәл сол жылды Төраға Си Цзиньпин екеуміз Қытай мен Қазақстан туризмінің жылы деп жариялауды ұйғардық, деді Н. Назарбаев Шанхайдағы қытайлық ғаламтор пайдаланушылармен әңгімелесу барысында.
Н. Назарбаев: Мәдени саладағы ынтымақтастықты кеңейту қажет
Бүгінде 8000-нан астам қазақстандық студент Қытайда білім алуда, біз де қытайлық студенттерді Қазақстанның ұлттық университетінде білім алуға шақырдық. 250 студентті жазғы лагерьге шақырдық, бұл жоба жүзеге асты. Мәдени алмасуға келетін болсақ, бұл тұрғыда біраз еңбек етуіміз керек, деді Н.Назарбаев Шанхайдағы қытайлық ғаламтор пайдаланушылармен әңгімелесу барысында.
Н. Назарбаев: біз Қытайдың дамуы үшін энергия жеткізіп тұра аламыз
«Біздің тауар айналымымыз 29 млрд. долларға жетті, бұл біздің өзара қарым-қатынасымыздан хабар береді», - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы Елбасы ғаламтор пайдаланушылардың бірінің «Сіз қазіргі жағдайды қалай бағалап отырсыз және Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудың қандай перспективалары бар?»деген сұрағына жауап бергенде айтты.
Біз Қытайдың дамуы үшін энергия жеткізіп тұра аламыз. Оған қоса, қазақстандық мұнайдың 25 пайыздан астамы қытай тарапымен өндіріледі. Енді біз мұнай және газ құбырларын салып жатырмыз. Олардың 2300 шақырымы Қазақстан аумағында, деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
Назарбаев Қытайға жасаған сапары барысында фармацевтика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларында бірқатар келісімдерге қол қойылғанын атап өтті. Біздің мақсатымыз - екі елдің тауар айналым көлемін 40 млрд. долларға дейін жеткізу.
АӨСШК тетігі табысты жұмыс жасап, Азия елдері арасында өзара сенімді нығайтуда - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан Президентінің айтуынша, АӨСШК тетігі он жылдан астам уақыт бойы табысты жұмыс жасап келеді әрі Азияның әртүрлі елдері арасында өзара сенімді нығайтуда. Азия елдері басшыларының АӨСШК тетігі шеңберінде сапар алмасулары өте пайдалы болып табылады.
Бұл туралы Н.Назарбаев ғаламтор пайдаланушыларының бірінің «1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында: «Сіз АӨСШК құру туралы бастама көтердіңіз. Сіздің бастапқы ниетіңіз қандай болды? Бүгінгі таңда аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіретін қандай мәселелер бар? Қауіпсіздікті сақтау үдерісінде АӨСШК өз рөлін қалай көрсете алады?» деген сұрағына жауап беру кезінде мәлім етті.
***
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Н. Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен мамырдың 19-нан 22-не дейін Қытайда мемлекеттік сапармен болады. Сапар аясында Елбасы Қытайда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралы кеңесінің (АӨСШК) 4-ші саммитіне қатысады.