Нағыз қазақ тойы қанша тұрады?

Ораза біткеннен кейін тойдың жазғы маусымы басталды. Тойшыл халқымыз үшін жаздың аптап ыстығы да кедергі емес. "Қазақтың тойы бітпесін" демекші, шілде және тамыз айлары – қазақ шаңырағында тойдың нағыз қызатын мезгілі.

Еліміздегі той бизнесінің жағдайы қандай? Той жасауды жоспарлап жүрген отандастарымыз нені білуге тиіс? Қазақ баласы тойға қанша қаражат жұмсап жүр? Осы сұрақтарға Caravan.kz  жауап іздеуге тырысты.

Тойды қай қалада ұйымдастыру арзан болады?

Қазақстан бойынша басқа қалаларға қарағанда Шымкентте той жасау тиімдірек. Себебі шырайлы Шымқаланың халқы көп болғасын, сұраныс та көп. Сосын тойханалар саны да үлкен болғатындықтан, бәсекелестік те жоғары.

Үйлену тойын Алматы немесе Астана қалаларында жасау құнының шарықтап тұрғаны айтпаса да белгілі. Той дастарханының ең төменгі бағасы адам басына 10-15 мың теңгеден 60-70 мыңға дейін барады.

Той шығынына тойханадан бөлек, фото және видео дайындайтын қызметтер мен қымбат көліктерге жұмсалатын қаржы да бар.

Нақтылап айтатын болсақ, Алматыда орта деңгейдегі той жасау үшін кем дегенде 5-7 миллион теңге ($20 000) көлемінде қаржы керек. Ал дәл осы қаржыға Шымкентте 5, Өскемен мен Оралда 3, ал Ақтауда 2 той ұйымдастыра аласыз. 

Алматыда тойханаға ғана кететін қаржыны есептеп көрелік. Мысалы, Rixos, Ritz Carlton cекілді банкет залдарында той өткізу үшін әрбір қонаққа 60-70 000 теңге көлемінде төлеуге міндеттісіз. Ritz Carlton қонақ үйінің мейрамханасының құны одан да асқақтап тұр. Егер 200 қонақ шақырсаңыз, тойхана құны 13 миллион теңгеге айналады. Одан бөлек, музыкалық сүйемелдеу мен ішімдіктердің бағасы есептеңіз.

Әрине, маусым кезінде осындай бағаларға сұраныс болады. Ал қыстың қаңтар және ақпан айларында немесе ораза кезінде баға күрт төмендейді. Десе де, әр мерейтой ұйымдастырылатын орынның өзіндік орнына сай бағалары белгіленген.

"Көпен келе жатыр" той ұйымдастыру орталығының директоры Асқар Әмірбектің айтуынша, тойдың видео және фотобейне қызметі Алматы мен Астана қалаларында 1 миллион теңге шамасында. Ал аймақтарда сәл арзандау. Сәйкесінше, сапасы да төмендеу болуы мүмкін. Тек Шымкент қаласында сапалы әрі арзан техникалық қолдау қызметтері бар деседі.

Той ұйымдастыруды Event агенттіктерге сеніп берудің тиімділігі неде?

Әрбір қазақ баласы өміріндегі маңызы бар мерейтойлардың жоғары деңгейде өткенін қалайды. Десе де, мінсіз кешті ұйымдастыруға біршама қомақты қаржының да керек екенін айта кетуіміз тиіс. Ал еліміздің қалталы азаматтары тойды ұйымдастыруды толығымен Event агенттіктеріне сеніп тапсыруға үйренген. Неге десеңіз, тойды басынан соңына дейін ұйымдастыру оңай шаруа емес. Содан кейін, той иесінің бұл салада тәжірибесі аздау болса, ұйымдастыру деңгейі төмен болып, қонақтардың көңілінен шықпай қалуы да мүмкін.


Қазақстандық жұлдыздарды тойға шақыру қаншаға түседі?

Алматы қаласында Қайрат Нұртасты тойға шақыру құны 7 000 АҚШ доллары (2,5 миллион теңге) көлемінде. Ал Бүркіт пен Айша (1,5 миллион теңге шамасында) келеді.

Қайрат Нұртас. Фото - instagram.com/kair_n

Одан бөлек, қазақ тойларында үнемі сұранысқа ие әншілердің қатарында Төреғали Төреәлі, Мархаба Саби, Ерке Есмахан, Тоқтар Серік, Мұзарт, Ұлытау, Орда сияқты топтар мен әншілер бар.

Шетелдік танымал әншілер мен жүргізушілерге де сұраныс бар

Қазақстанда ТМД елдерінен, көбіне, Ресейден шақырылатын жүргізушілерге де сұраныс жоқ емес.Бірақ олардың бағасы өте қымаб. Мысалы, әзілқой жүргізуші Маским Галкин 35-40 000 еуродан аз ұсынысқа келмейді. Ал Филипп Киркоров тойыңызға келіп, үш-төрт әнін шырқап кетуі үшін қалтаңыздан 60 000 еуро шығаруыңызға тура келеді.

Максим Галкин. Фото - life.ru

Өздеріңізге белгілі, америкалық танымал жұлдыздар сирек болса да Қазақстанға келіп, ән айтып кетеді. Айта кетсек, Канье Уэст 2 миллион АҚШ долларын сұраса, Дженнифер Лопес "бағасы" $1 000 000 көлемінде қаржыға өнер көрсетеді. 

Дженнифер Лопес. Фото - instagram.com/jlo