«Найман»деген лақап атпен танылған Хамитов қарсыласын нокаутқа жіберді

Ел арасында «Найман» деген лақап атпен танылған Қуат Хамитов,  бұл жолы қытайлық файтер Ву Хао Тянды  ұтты. Жекпе-жекті белсенді бастаған алаштың арланы, қарсыласына үнемі тықсырумен жүрді.  Көп ұзамай қарсыласын еденге алып ұрған «Найман» , одан әрі оны соққылардың астына алды. Дер кезінде араша түскен төреші  жергілікті мықтыны  Қуаттың ауыр соққыларынан  құтқарып қалды. 

 

Баскетболдан Ұлттық лиганың тұрақты чемпионатында кезекті турдың ойындары өтті.  Соның бірінде   Шығыс конференция лидері «Майами»  өзінің ізін алып келе жатқан «Торонтомен»  кездесті.

Майамиде өткен бәсеке барысында тізгінді қолдан шығармаған алаң иелері, төрт кезең бойы есепте алда болды. Команда қоржынына ең қомақты үлес қосқан Леброн Джеймс, бүгінгі матчта  өз есебіне 32 ұпай жазды.  Американ Эирлайнс Аренадағы матчтың қорытынды нәтижесі  93:83.  «Майами»  өз алаңындағы  жеңістен кейін  турнир кестесіндегі жағдайын тағы да нықтай түсті. Осы күні «Индиана» өз жанкүйерлері алдында 77:103 есебімен «Сан-Антониодан» ұтылса, «Чикаго» 94:80 есебімен «Бостоннан» алда болды.

 


Бүгін футбол сүйер қауым  Еуропа чемпиондар лигасы аясындағы кезекті бәсекелерге көз тігетін болады. Соның бірінде Испания чемпионатының лидерлері  «Барселона» мен  Мадридтік «Атлетико» кездеседі.

Ішкі чемпионтқа көз жүгірте кетсек, әзірге каталондықтар «Атлетикодан» бар болғаны бір ұпай қалып келеді. Аргентиналық  бапкерлер жаттықтыратын испаниялық  клубтар арасындағы алғашқы  ширек финал  әйгілі «Камп Ноу» стадионында өтеді. Осы күнге жоспарланған екінші ширек сында  «Манчестер Юнайтед» өз алаңында  Мюнхеннің «Бавариясын» қабылдайды.  «Олд Траффордтағы» матчтың  тікелей көрсетілімін түнгі сағат 12:30 КТК телеарнасынан тамашалай аласыздар.  Ал, «Барселона» мен «Атлетико» арасындағы кездесу де  көрерменнің назарынан тыс қалмайды. Бұл бәсекенің  жазылып алынған нұсқасын түнгі 3:00-де  көре аласыздар.