Наймандардың микроскоп астындағы құпиясы: генетиктер жүздеген ер адамның ДНК-сын зерттей келе не тапты

Ал бүгінде бұл қатарға тағы бір сенімді дереккөз — генетика қосылды. 

Ол бір жағынан таң қалдырса, екінші жағынан көп нәрсені түсіндіріп береді.

Алматыдағы М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институты мен Астанадағы Ұлттық биотехнология орталығының қазақстандық ғалымдары қазақтардың генетикалық әртүрлілігін Еуразия халықтарымен салыстыра отырып зерттеу жүргізді. Бұл зерттеу қазақ халқының қалай қалыптасқанын ішінара болса да бақылауға сирек мүмкіндік берді.

Ғалымдардың басты қорытындысы қарапайым, бірақ маңызды: қазақтар — генетикалық тұрғыдан біркелкі халық емес. Керісінше, олардың ДНК-сы Шығыс және Орталық Азия элементтерімен қатар, ішінара Батыс Еуразия құрамдастарынан тұратын күрделі мозаикаға ұқсайды.

Айта кету керек, бұған дейін шығыс қазақстандық қазақтар, әсіресе ірі рулар — найман мен керей өкілдері, еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда аз зерттелген топтардың бірі болған.

Зерттеу барысында ғалымдар Шығыс Қазақстан облысында кемінде үш ұрпақ бойы өмір сүрген, өзара туыстық байланысы жоқ 246 дені сау ерікті ер адамның сілекей үлгілерін жинады. Бұл деректер Қазақстандағы және шетелдегі басқа халықтардың мәліметтерімен салыстырылды. Олардың қатарында Ауғанстан мен Пәкістандағы хазарейлер, Қытайдың Ішкі Моңғолиясындағы моңғолдар, Шыңжаңдағы ұйғырлар, Ресейдегі орыстар мен якуттар бар.

Зерттеу нәтижесінде қатысушыларды төрт генетикалық кластерге бөлуге болатыны анықталды. Бірінші кластерге Алтай қазақтары мен Қытайдың Шыңжаң және Ганьсу аймақтарының тұрғындары кірсе, екінші кластерге Шыңжаң, сондай-ақ Қазақстанның шығыс және оңтүстік өңірлерінің қазақтары енді. Үшінші және төртінші кластерлер жалпы Қазақстан халқын және әсіресе солтүстік өңір қазақтарын қамтыды.

Мұндай генетикалық алуандық тарихи тұрғыдан түсінікті. Себебі қазақ халқы түркі және моңғол халықтарымен тығыз байланыста қалыптасқан. Сонымен қатар қазіргі Шығыс Қазақстан аумағы арқылы Ұлы Жібек жолының маңызды тармақтарының бірі өткен. Бұған қоса, жеті ата дәстүрін сақтау да өз әсерін тигізген болуы мүмкін.

Зерттеу көрсеткендей, шығыс қазақтары генетикалық жағынан Шыңжаңдағы қазақ диаспорасына ең жақын, ал Алтай мен Ганьсудағы қазақтардан біршама алшақ.

Сонымен бірге, бұл жолғы зерттеуге қатысқан шығыс қазақтарының ДНҚ нәтижелері тоғыз жыл бұрын жүргізілген ұқсас зерттеу қорытындыларынан айтарлықтай ерекшеленді. Ғалымдар мұны өңірде әртүрлі ата-бабадан тараған бірнеше ірі топтардың болуымен түсіндіреді. Атап айтқанда, найман мен керей рулары туралы сөз болып отыр. Тіпті солтүстік пен оңтүстіктегі қазақтар да бұл жолғы шығыс қазақстандықтарға генетикалық тұрғыдан жақынырақ болып шықты.

Генетиктердің айтуынша, бұл зерттеу нәтижелері қазақ халқының тарихын тереңірек түсінуге ғана емес, сонымен қатар сот-медициналық сараптамаларда да маңызды рөл атқаруы мүмкін.