Байрақты бәсекенің бірінші күні дзюдодан 55 келі салмақта ел намысын қорғаған саңлағымыз Бауыржан Жауынтаев Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді салған болатын. Кеше жарыс жолына ауыр атлеттеріміз шығып, өкінішке қарай жерлестеріміз жеңіс тұғырына сынық сүйем жетпей қалды. Нақтырақ айтсақ, зілтемірші отандасымыз Михаил Макеев төртінші орынды иеленді.
69 келіде бақ бақ сынаған Макеев қола жүлдені иеленуге барынша талпынып көрді. Ол жұлқа көтеруден 125 келіні бағындырды. Оның өзін үшінші мүмкіндігінде ғана пайдаланды. Алдындағы үш қарсыласы жерлесімізден 7 келі артық көтерді. Ал серпе көтеруден бірінші мүмкіндігінде 153 келі көтерсе, екінші және үшінші мүмкіндіктерінде 166 келіні бағындыра алмады. Сонымен қатар осы күні ауыр атлетші аруларымыз да бақ сынап, олардың ішінен 58 келіде сынға түскен Алтынай Дәмен жүлделі орынға бір табан жақындады. Оның көрсеткіші 5- орын.
Сондай-ақ, спорттық гимнастикадан өнер көрсеткен жерлесіміз Ербол Жантықов он бесінші орынмен шектелді.
Әзірше қоржынымызда 1 алтын мадаль бар. Осы бір алтын қазақ елін жалпы есепте 23-орынға шығарып тұр. Негізгі ұміт артқан спортшыларымыз алдағы күндері жарыс жолына шығады. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның басты үміті саналатын боксшылар мен балуандар жарысқа 23-тамыздан кейін шығады.
Ал доданың көшін 6 алтын, 1 күміс, 6 қола жеңіп алған жарыс қожайындары Қытай спортшылары бастап тұр. Екінші орында 5 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль олжалаған Ресей спортшылары иеленіп тұрса, үздік үштікті 4 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль алған Италия спортшылары қорытындылап тұр.
Жалпы, Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиада ойындарында 14 пен 18 жас арасындағы 3800 жасөспірім спортшы бағын сынап жатыр. Негізінен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында жекелей сындағы спорт түрлерінде әр елге бес жолдамадан артық берілмейді. Бұл доданың басты ерекшелігі де - осы.
Естеріңізге сала кетейік, «Аспанасты елінде» өтіп жатқан додада еліміздің намысын 21 спорт түрінен 51 спортшы қорғауда. Ал 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы І жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің атынан 47 спортшы барып, 20 спорт түрінен сынға түскен болатын. Онда Қазақстан құрамасы алты медаль (2 алтын, 2 күміс, 2 қола) олжалап, жалпы командалық ресми емес есепте 24- орынға тұрақтаған еді.
Ал биылғы ел намысын қорғайтын өрендерімізге 3 алтын, 3 күміс, 9 қола медаль жеңіп алу мақсаты қойылған.
Қазақстан спортшыларының бақ сынап жатқан спорт түрлері мен жолдамалар саны төмендегідей:
Бокс - 4 жолдама (4 мүмкіндіктен);
Күрес түрлері - 4 жолдама (5 мүмкіндіктен);
Ауыр атлетика - 4 жолдама (мүмкіндіктен);
Жүзу спорты - 3 жолдама;
Велоспорт - 2 жолдама;
Қазіргі бессайыс - 2 жолдама;
Үстел теннисі - 2 жолдама;
Садақ тарту - 1 жолдама;
Нысана көздеу - 1 жолдама;
Астана қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы - 6 жолдама (байдарка мен каноэде ескек есу, көркем гимнастика, таэквондо, жағажай волейболы);
Алматы қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы - 13 жолдама (дзюдо, жеңіл атлетика, батутте секіру, жағажай волейболы, спорттық гимнастика, триатлон, семсерлесу).
Ел намысын қорғап жатқан спортшыларымыздың тізімі: