Бибігүл Мұстафаева, Орал қаласының тұрғыны:
-Бізді мына базарға тұрғызсын. Жаңа жылға 4 күн қалды. Тауарымызды алып қойдық, былтырғы жылы біз вообще сауда жасаған жоқпыз. Біз биыл тұруымыз керек, ақшамыз жоқ бала-шаға асырауға. Сол үшін қайда болсын барамыз.
Тәртіп сақшыларының тезіне төзгісі келмеген жұрт дереу Оралдың басты даңғылдарының бірі Абылайхан көшесін көлденең жауып тастады. Темір тұлпарлар сағаттап тұралап тұрды орнында, жұрттың қабағы қату. Ашуға мінген ел жиналып жабайы саудаға ауызша рұқсат берген қаланың әкімдігіне аттанбақ еді. Мұны сезді ме, әйтеуір қаланың атқамінерлері жетіп келді. Түсіндірмек болған, алайда ашуға мінген саудагерлер ешкімді елеген жоқ.
Ринат Шәуенов, Орал қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бастығы:
-Түсініңіздер, бұл жаяу жүргіншілер жүретін жол. Мұнда сауда жасауға мүлдем болмайды. Базарларда заң бойынша жалға орын алып тұрған сатушылар бар, сіздердің жабайы саудаларыңыз сол адамдарға да кері әсерін тигізеді.
Жарты күн жанжалдасып тамақтары қарлыққан тараптар түстен кейін ымыраға келді. Шенеунік жақын маңдағы үш базардың әкімшілігімен келісіп беретінін айтты. Яки бүгін қаланы басына көтергендер жаңа жылға дейін жалдау ақысын төлемей сол базарларда сауда жасаса болады.