Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Айта кетсек, украиналық блогерлердің Қазақстандағы орыс тілді және орыс азаматтармен чатрулетка арқылы тілдесіп, кейбір отандастарымыздың Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы сөйлеген сөзін жазып алып тарататыны «дәстүрге айналып бара жатыр». Өкінішке қарай, Ресей арналарының насихаты санасына сіңіп кеткен кейбір азаматтардың видеосы апта сайын тарайды. Кейін басына тілінен пәле тапқан отандастарымыздың кейбірі кешірім сұраса, кейбірі жауапкершілікке тартылады.
Осы жайттар турасында Ulysmedia.kz тілшісі Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың пікірін сұрады.
«Орысша мұны «интернет-хулиганство» деп айта ма не дейді!? Біздің біраз азаматтар оны түсінбей, интернетте мені ешкім көрмейді екен деп, алды-артына қарамай, біраз айтып жатқан сөздері болды. Әрине, бұл біздің наразылығымызды туғызады. Біз Ішкі істер министрлігімен, жергілікті билікпен және Бас прокуратурамен бірлесіп, халыққа хабардар еттік. Интернетте өз ойыңызды жеткізген кезде заңға қарау керектігін айтқан болатынбыз. Интернет деген шекарасы жоқ қауым. Әркім өз ойына келгенін айтады. Сондықтан, сен мынаны айт, ал сен мынаны айт деп бәріне айта алмаймыз ғой. Бірақ нақты мемлекет ретінде хабарлама жасадық», - деді ол.
Айбек Смадияров «бұл бағыттағы мәселелерді реттеу Сыртқы істер министрлігінің құзыретіне кірмейтінін, СІМ тек кеңес ретінде ұсыныс айта алатынын» мәлім етті.