КТК телеарнасына 2010 жылы келгем, қазір енді қызмет бабымды ауыстырып кетіп бара жатқан жайым бар. Алатаудың бөктеріндегі Алматыдан Арқаның төсіндегі Астанаға қоныс аударып жатырмын.
«Неліктен кетіп барасыз, КТК-ға өкпеледіңіз бе?» деп сұрап жатыр.
Жоқ, тарыдай боп келген Нартайды таудай қып шығарған осы – КТК. Әр қызметкеріне, әрбір қолдаған сөзіне , маманына, басшысына да қарыздармын. Қарыздар боп өтемін де...
КТК арнасы маған көп үйретті, дәл қазіргі таңда шығармашылықта , кәсібімнің біліктілігін, білімімді жетілдірген – КТК.
КТК телеарнасы темір техника мен тас ғимарат қана емес, бұнда ең құндысы – осында жүрген мамандар. Тазалығымызды қадағалайтын апайларымыздан, күзетте тұрған тұрған сәлемі түзу жігіттерден бастап үлкен басшыға дейін, ешқайсысын қимаймын. Телеарна маған тәртіпті үйретті, республиканың алдына шығып тұтастай 17 миллион халықтың алдында қалай сөйлеу керектігін, халықтың көңілін қалай табуға болатынын, халқымның елімнің мұң-мұқтажын шынайы айтуды үйретті. Атақты болу үшін биліктегілердің бөксесіне жармасып жүру міндетті емес екенін үйретті, абыройыңды көтеру үшін халыққа жақын болу керек екенін үйретті, шетелге шығарып репортаж жасауды үйретті, үлкен басшылармен, шенеуніктермен өзіңді қалай ұстау керектігін үйретті.
Ал ең бастысы - маман ретінде, адам ретінде үлкен септігін тигізді. Сол себепті де мен КТК арнасына мәңгі қарыздармын. Кез келген жерде басымды иіп құрмет қылуға әзірмін. Өскен бала да қара шаңырағынан шыққанда қимай, қобалжиды, мен тап сондай күйдемін.
КТК арнасы - менің қара шаңырағым. Егер бүгін біреуден атақ, абырой алып, өсіп, біреуден жақсы пікір естіп, жақсы кызметке кетіп бара жатсам, ол - тұтастай КТК мамандарының , өз ісінің шеберлерінің арқасы.
Ендігі бет алысым – Қазақстан арнасы. Маман деген бесаспа болу керек қой. Ол жерде шығармашылығымның мағынасы өзгергенімен, жазу стилім сақталады. Сюжеттер жасамаймын, жүргізуші ретінде бара жатырмын. Алла қаласа, кешкі жаңалықтардың 10 минуттық бір айдарын жүргізбекпін. Бір тақырыпты бастан аяқ өзім дайындап, мәтінін жазатын боламын. Біреудің дайын мәтінін жай ғана оқып отыру қалауым емес, өзім жазған дүниені өзім халыққа жеткіземін. Сол себепті осындай ұсыныс түскен соң қабыл алдым.
Қаламымды төсеген КТК өте еркін арна. Ал енді барар жерімде әрине, жазғанымның қырқылатын тұстары болар. Оған бола басыңды төмен түсіріп, қайғырып, қамығудың қажеті жоқ. Бір досым: «жанармай бекетін ашып жатқан жоқсың ғой, несіне қобалжисың» дегендей, журналистика - білетін салам. Жаңа ортада қалай болады,қандай өзгеріс болады, оның бәрін жүре бара көрерміз. Дегенмен бара жатқан жерімнің қандай саясат ұстанғанын, қандай жолға бейімделгенін , кандай талап қоятынын жақсы білем. Аяқасты бір күтпеген жайттар болып тұратынын есімнен шығармаймын. Ең бірінші Аллаға, сосын өзіме сенем. Алла тек бергенінен алмасын.
Шын мықтыға оңы да, солы да бір дейді, бәрін де үйрендік, оны да үйреткен – КТК. Коммерциялық телеарна менің шығармашылығымның, кәсіби деңгейімнің белгілі бір шарықтау шегі болды десем, артық айтқаным емес. Бұл да әріптестерімнің арқасы.
Әке-шешемнің жалғыз перзентімін. Әке-шешем Оралда.1991 жылы 15 маусымда дүниеге келдім. Әлі бойдақпын. Үйленуге жігіттік жігер де, ынта да, жауапкершілік те бар. Өзім жалғыз өскесін, Алматыға да келіп біраз сүрініп- қабынып, жоқшылық көрген соң, бірінші ойым - қарын тойдыру, сосын қазақтың қамы болды. Адам болайын, басымды көтеру болды мақсатым. Осындай деңгейге жеткеніме шүкіршілік етем. Ары карай да адымдап жүре берейін деп ойлаймын.
Қатты қуанып айткым келетіні, әріптестерім, орысы бар, қазағы бар – бәрі көзіне жас алып мені бүгін шығарып салып жатыр. Ол - жақсы болғанымнан емес, ол – менің әріптестерімнің адами қасиеттері, жүректерінің қандай нәзік екенін білдірсе керек. Сондықтан бұл кісілерден кез келген уақытта көмек, жәрдем сұрасам, қолдау табатынымды білем. Әріптестерім менен жәрдем сұраса, қорадағы соңғы саулығымды сойып беруге дайынмын.
Оқырмандарға, көрермендерге айтарым: сіздер КТК журналистері өлім-жітім, айқай-шуды көрсеткенде тасжүрек деп ойламаңыздар. Кеірісінше, олар жүрегі ең нәзік адамдар. Өйткені осы арнада сюжет жасап жүріп адамның жоқшылығымен бірге біз де жоқшылық тартамыз, қайғысымен бірге біз де қайғырамыз. Айлап, күнде осы материалды қалай шығарып, осы адамға қалай көмегімді тигізсем екен деп талай қайғырамыз. Еркек болсақ та кейде жылаймыз. Сондықтан КТК телеарнасындағы барлық азаматтардың адамгершілігі ерекше, халық үшін үйіне де қонбауға бар.
КТК- ны қалай сүйсеңіздер, ары қарай да солай сүйіңіздер, өйткені бұл кісілер соған лайықты.
Дайындаған: Заира Сабитова