Нарықты Ресейге беріп қойдық. Қазақ тілді баспагерлердің жағдайы қиындап барады

Ресей баспалары Қазақстан нарығына белсенді түрде еніп жатыр. Белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай Мәжіліс жанындағы комитет отырысында егжей тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Fragment телеграм арнасының мәліметінше, Бақытжан Бұқарбай Ресейдегі соғыс пен санкциялар елдегі баспа индустриясына кері әсер етіп, кейбір ресейлік баспалар компанияларын Қазақстанда тіркеуге көшкенін айтып дабыл қаға бастады. Бұл бәсекелестікті күшейтіп, әсіресе қазақ тілді баспагерлердің жағдайын қиындатып отыр.

"Ресейлік баспалар үлкен бюджеттерімен нарыққа еніп, біздегі тапсырыстарды алып жатыр. Біз ашық нарық жағдайында жұмыс істейміз, бірақ бұл қазақ баспагерлері үшін өте ауыр. Әсіресе, миллиондаған қаржылық қолдауы бар ресейлік баспалармен бәсекеге түсу қиынға соғады», – дейді Бұқарбай.

Оның пікірінше, Үкімет бұл мәселеге араласып, нақты талаптар қоюы тиіс. Баспагер қазақ тілді контентті дамыту үшін протекционизм саясатын енгізу қажеттігін алға тартты.

Мысалы, Қазақстанда тіркелген ресейлік баспаларды орыс тілінде бір кітап шығарған жағдайда, қазақ тілінде де бір кітап шығаруға міндеттеу арқылы нарықта теңдік сақтауға болады.

Бақытжан Бұқарбай қазақ тіліндегі кітаптардың нарықтағы үлесін арттыруда үлкен еңбектің қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2016 жылы «Меломан» дүкендерінде қазақ кітаптарының үлесі небәрі 5% болса, қазір бұл көрсеткіш 15%-ға жеткен. Алайда, ресейлік баспалардың нарыққа көбірек енуі бұл көрсеткішті қайта төмендетуі ықтимал.

«Қазақ баспагерлері бизнестің ең тиімсіз түрімен айналысып жатыр, себебі біз қазақ контентінің үлесін арттыруды көздейміз. Бірақ соңғы жағдайларды ескерсек, қазақ кітаптарының нарықтағы орны әлсіреуі мүмкін», – деді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – Ресейде басылып шыққан кітаптардың бағасы.

Баспагердің айтуынша, бұл кітаптар Қазақстанда өте төмен бағамен сатылып жатыр. Мысалы, ресейлік кітаптардың құны 600-700 теңге болса, қазақ баспагерлері шығаратын кітаптардың бағасы шамамен 5 мың теңгені құрайды.

Атышулы "Россотрудничество" арқылы берілетін дотациялар ресейлік баспаларға кітаптарын арзан бағамен сатуға мүмкіндік беруде.

Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, мәдениет министрлігі өз кезегінде қазақ баспагерлеріне қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Бұқарбай жазда үлкен резонанс тудырған «Как управлять казахами?» кітабына қатысты жағдайдан кейін, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қазақ тілді кітаптарға рұқсат алу талаптарын қиындатуы ықтимал деген мәліметке алаңдаулы. Бұл шешім қазақ тілді контенттің азаюына әкелуі мүмкін.

«Ресей баспалары орыс тілді кітаптардың санын көбейтуде. Бұл отарлаудың бір көрінісі деп айтуға болады. Ал өзіміздің министрлігіміз қолдаудың орнына, шектеулер енгізуге ниетті. Бұл жағдай маған мүлдем түсініксіз», – деді ол.

Бақытжан Бұқарбай бұл мәселені ұлттық мәдениетті қорғау тұрғысынан қарастыруды және қазақ баспагерлеріне нақты қолдау көрсетуді талап етуде.