Қ.Идиятовтың айтуынша, бұл шаралар Наурыз мейрамымен орайластырылған. Облыстың шекара маңында орын тепкен жеті ауданында Наурыз мейрамы көршілес Ресейлік аудандардан шақырылған қонақтардың қатысуымен тойланады. Орал қалалық әкімшілігі бұл мерекеге Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова қайтыс болған Псков облысынан, Михаил Шолоховтың отаны - Ростов облысынан, сондай-ақ, Мәскеу қаласының Соколиная гора префектурасынан, Саратов, Самара, Орынбор, Волгоград және Астрахань облыстарынан меймандар шақырмақ ниетте.
Сондай-ақ, Қазақстандағы Ресей жылы аясында шекаралас Ресейлік облыстардың губернаторларының қатысуымен "Орал өз қонақтарын қабылдайды" деген тақырыппен арнайы шара өткізу көзделген. Мамыр айында Оралда Ресейлік мектеп оқушыларының қатысуымен зияткер-оқушылардың республикалық жиыны өтеді.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы мен шекаралас Ресейлік облыстар арасындағы сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық туралы 2003-жылы қол қойылған келісімді жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жыл бойы жалғастыру көзделіп отыр.