Назарбаев Астананың құрылысындағы 3 кемшілікті атады

Бүгін Назарбаев қаланың Бас жоспарын тағы бір тексеріп шықты. Әзірше, макет күйіндегі құрылыс жүзеге асса, халқының саны 900 мыңға жетіп қалған шаһар адам танымастай өзгермек. Болашақты сызбадан бөлек экраннан көрсеткен әкім Әділбек Жақсыбеков президенттен жақсы баға алса керек, көңілі көтеріңкі. Елорданың бейресми сәулетшісі атанған Елбасы көлік жүйесі, Орынбор көшесі, жаңа вокзал, «Нұржол» гүлзары мен ботаникалық бақтың қалай салынып жатқанымен де танысты. Ал «ЭКСПО» құрылысы аяқталған соң негізгі орталық сол жаққа ойыспақшы. Жайлылық туралы көп айтқан президент, жайсыз жайттарды да жасырған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қандай кемшілік барын білемін. Көлік тұрағына қатысты мәселе бар. Мұны міндетті түрде шешу керек. Жақында нөсерлеп жауған жаңбыр кәріз жүйесінде шикілік барын көрсетті. Мұны да шешу қажет. Астанада мәдени мен спорт нысандарын толық  салып бітірдік. Енді бар ақшаны мектеп пен  балабақша тұрғызуға жұмсау керек. 

Loading...