Естеріңізге сала кетейік, конференция аясындағы маңызды оқиға «Нұрсұлтан Назарбаев – түркі интеграциясының сәулетшісі» пленарлық отырысы болды. Жиын барысында спикерлер халықаралық интеграциялық үдерістердегі, ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы Елбасының рөлін талқылады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Отырыс спикерлерінің қатарында халықаралық, мемлекеттік, қоғамдық және білім беру ұйымдарының көрнекті өкілдері: Түркия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Зухту Арслан, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымдарының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова болды. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов модератор міндетін атқарды.
Осы күні «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым кеңесінің мүшесі, ф.ғ.к. А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова шараға модераторлық етті.
Ол «Түркістанның тарихы тереңде жатқанын, онда көптеген атақты ғалымдар өмір сүргенін, оның дамуына Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы үлкен септігін тигізгенін» атап өтті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Абай Мәмбет Қойгелдиев: «Түркістан – халқымыздың ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы. Ал Нұрсұлтан Назарбаев түркі елдері арасындағы жан-жақты байланысты нығайтуға үлес қосқан тұлға. Оның бұл үдерістегі рөліне баға жетпейді», – деді.
Қырғыз-түрік «Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан мен профессор, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркі тілдерін тану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлы Түркістанның рөлі мен Қожа Ахмет Ясауидің түркі әлемі үшін қалдырған мұрасы туралы айтты.
Сонымен қатар, жиналғандар Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Дәулет Жайлыбаев пен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты қоғамдық-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мәдина Бектенованың түркістанның мәдени, өркениеттік және экономикалық даму мәселелері бойынша баяндамаларын тыңдады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚазСҒЗИ-нің ғылыми қызметкері Айдана Акесина Түркістанға қатысты урбанизация процестері туралы өз көзқарасын ортаға салды.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған А.Ясауи атындағы ХҚТУ I вице-ректоры Женгиз Томар түркі елдері арасындағы визалық режимді оңтайландыру идеясын айтты.
Оған қоса, конференция аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының дарынды жастарды анықтау және қолдау жөніндегі рөлін кеңінен насихаттау мақсатында «Нұрсұлтан Назарбаев Қорының байқаулары мен гранттары» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Университет залына жиналып, YouTube желісіне қосылған Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Ғылым кеңесі төрағасының орынбасары Сухраб Жапаров жас ғалымдарға арналған бағдарламалар мен байқауларға шолу жасады. Оның әріптесі, Кеңес мүшесі
Сұлтанқожа Әмитов өтініштерді толтыру кезінде жиі кездесетін қателіктерге назар аударды және жобаны әзірлеу бойынша ұсыныстар айтты. Ал Қор жобаларының аға үйлестірушісі Роза Едігеева жиналғандардың байқауларға өтінімдерді қалыптастыру ережелері, мерзімі мен талаптарына қатысты сұрақтарына жауап берді.
Кездесу соңында А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің стратегиялық даму және ғылым жөніндегі проректоры Айнаш Өшібаева студенттер мен жас ғалымдарды Нұрсұлтан Назарбаев қорының іс-шараларына белсенді қатысуға шақырды.
Халықаралық конференция «Назарбаев моделі»: 2040 жылға қарай түркі әлеміне көзқарас» атты дөңгелек үстел отырысымен аяқталды.
Дөңгелек үстел отырысында модератор болған профессор, А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің I вице-ректоры Дженгиз Томар, түркі әлемінің перспективаларын талдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған тарихи шешімдеріне баға беріліп, ғылыми тұрғыдан сараланды.
Профессор Женгиз Томар іс-шараны алғысөзбен бастап, дөңгелек үстелге арқау болған тақырыптың мәніне ерекше тоқталды. Модератор жақында өткен Ыстамбұл саммитінің тарихи маңызына басымдық берді.
Оның пікірінше, осы саммитте құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің болашағын жақсартуға ықпал етеді.
Дөңгелек үстелге сонымен қатар А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры Сейдулла Садықов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚазСҒЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева, Денсаулық сақтау технологиясын бағалау профессоры және клиникалық менеджмент және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшы Филиппо Барточчони, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Цифрлық даму департаментінің директоры Нұрлан Құлмұрзаев, «GRAND master бағдарламалау мектебі» ЖШС директоры Алмат Қуанышбаев, ҚМУ «Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы» ММ ақпараттық технологиялар орталығының директоры Сәбит Ибадулла, «Еуразия» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Суат Бейлур, А.Ясауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы Досай Кенжетай, аталмыш оқу орнының профессорф Бекжігіт Сердәлі қатысты.
Бұл кездесуде ғалымдар мен сарапшылардың назары цифрландыру мен ақпараттық қауіпсіздік, түркі әлемі мен метаверстің интеграциясы, смарт қалаларды дамыту және т.б. тақырыптарға ауды.
– Түркі әлемі ортақ экономикалық және рухани кеңістікке қарқынды түрде интеграцияланып келеді. Қазір бүкіл әлем технологиялық прогресті пайдаланып, басқа елдер мен халықтарды ассимиляциялауға тырысып жатқанда, түркі әлемі өзінің бірегей болмысын сақтай отырып, бұған қарсы тұруы керек. Бізді жаңа сынақ күтіп тұр. Ол – метаәлем! Ол онлайн және офлайн өмір арасындағы шекараны бұлдыратады. Осы желіде адасып қалмау үшін бүкіл түркі әлемінің рухани құндылықтарына негізделген цифрлық контент жасау үшін бірігуіміз керек, – деді Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің цифрлық даму департаментінің директоры Нұрлан Құлмұрзаев.
Айта кету керек, «Назарбаев моделі: Түркә әлемінің интеграциялық курсы» халықаралық конференциясы Тұңғыш Президент күні, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты ұйымдастырылды.