Оған ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері, ҚР Үкіметінің мүшелері, мемлекеттік органдардың (министрліктер мен агенттіктер), дипломатиялық корпустардың, жоғарғы оқу орындарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар қатысады.
«Сақ көсемінің қорғаны» экспозициялық залы атақты Берел қазбаларының археологиялық зерттеуінің нәтижесі болып табылады. Берелдік қазбалар еліміздің мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға болды.
Назарбаев Орталығының арнайы жасақталған залына ер адам мен әйел адамның саркофагы, үш жылқының қаңқасы, жылқының әбзелденген жабдығының реконструкциясы мен жекелеген бұйымдарының түпнұсқасы қойылды. Барлығы - 40 экспонат.
Берел қорымындағы ірі обалардың біріне (№11 оба) Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылды. Экспедицияға Берел обаларын тапқан қазақтың белгілі археологы Зайнолла Самашев жетекшілік етті. Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен суретші-жаңғыртушы Қырым Алтынбеков айналысты.
Шара барысында Берел қорғанындағы қазба жұмыстары кезінде түсірілген деректі фильм ұсынылады.