Назарбаев пен Путин Атырауда кездесті

Астраханьдағы Каспий маңы мемлекет басшыларының саммитінен кейін  Қазақстан мен Ресей Президенттері іргедегі Атырау қаласына келді. Соңғы екі тәуліктен бері бірге жүрген

Назарбаев пен Путин еліміздің 40 пайыз қара алтыны өндірілетін мұнай астанасында аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысып жатыр.

Президенттердің жұмыс кестесі өте тығыз. Алдымен Назарбаев пен Путин жеке кездесіп, екі елдің қарым-қатынасын талқылады. Әсіресе, Кеден, Еуразиялық одақтар аясында облыстардың байланысынақарқын беруге айрықша тоқталды. Өйткені 24 миллиард долларға жеткен сауда-саттықтың 50 пайызы шекаралас аймақтардың үлесінде. Сондықтан экономикалық  интеграцияның жемісін ең бірінші кезекте осы өңірлер көруі қажет.

 Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Екі мемлекет арасындағы қатынастың даму қарқыны жоғары.Еуразиялық Одақ жөніндегі келісімді ратификациялауға жақындап келеміз. Бұл одақ келесі жылдан жұмыс істемек. Жалпы сауда-саттықтағы жағдайға байланысты тауар айналымы сәл төмендеп жатыр. Қос елдің Үкіметі нақты шара қолдануы тиіс. Мұны уақытша құбылыс деп есептеймін. Кеден одағы Еуразиялық одақ толық қарқында жұмыс істей бастағанда халыққа пайда әкеледі.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы шақыртуыңызға көп рахмет. Кеше біз Каспий саммитінде жұмыс істедік. Ол табысты өтті. Сізге тағы алғысымды  білдіре келе, екі елдің дамуына қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. 



Жеке дидарласқан соң Назарбаев пен Путин екі ел кәсіпкерлерінің көрмесіне қатысты. Мұнда соңғы инновациялық технологиялар қойылған. Өңірлерден келген бизнесмендер келісім- шарт жасасып, тәжірбие алмасуға, алыс-беріс жасауға уағдаласты. Көрмеден кейін президенттер ондаған метр жердегі кеңейтілген отырыс үшін арнайы тұрғызылған ғимаратқа барды. Дәл осы жерде көмірсутегі саласындағы инновациялар мәселесі талқыланды. Экономикасы негізінен мұнай мен газға қараған қос мемлекет бұл тәуелділіктен арылудың балама жолын қарастыруда. Қазіргі таңда Қазақстан мұнайын сыртқа Ресей аумағы арқылы тасымалдап жатыр. Мәскеу болса қара алтынын Қытайға жеткізу үшін аспан асты еліне тікелей тартылған Қазақстан құбырларын пайдалануда.

-Дәл осы сағаттарда екі елдің арасында мұнай газ, энергетика, атом саласындағы құжаттарға қол қойылып жатыр. Атом демекші, бұл электр станциясының құрылысы басталатын күн жақын. Оның қай қалада тұрғызылатыны әлі нақтыланбаған. Десек те бірнеше сағатқа созылған жиын  Қазақ-Ресей байланысына жаңа серпін беруі тиіс. Ал келесі форум 2015-ші жылы Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өтетін болды.