Назарбаев қақтығыстарды дін арқылы тоқтатуды ұсынды

-Ел аузында «Пирамида» деп аталып кеткен Бейбітшілік және  келісім сарайы бүгін негізгі міндетін атқарып тұр. Бір шаңырақ астына әлемнің 40 елінен келген дінбасылар жиналып өзара сенімнің жоғалғанын ашына айтты. Астана төрінен жер бетін жікке бөлінбей төнген қауіппен бірігіп күресуге шақырды. Сондықтан құрылтайда дін ғана емес, ушыққан геосаясатқа дейін сөз болды.

Саясат өз алдына, бірақ құдайға сыйыну уақытымен! «Пирамида» ішінен шетелдік түрлі дін өкілдері үшін құлшылық ету бөлмелері ашылған. Биыл құрылтайға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының қатысуы  оның саяси салмағын арттырғандай. Пан Ги Мунды ертіп келе жатқан Назарбаев, аяқасты кілт тоқтап ақын Олжас Сүлейменовпен амандаса кетті. Мұндай құрметке Сүлейменовтен бөлек, бүгін әлемнен ат арытып келген  діндарлар да ие болды. Оларды Елбасы жер жаһанды жайлаған соғыс өртін өшіруге араласуға шақырып, батыл мәлімдеме жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Прекратить все военные конфликты и обьявить перемирие. Всем противоборствующим сторонам необходимо сесть за стол переговоров, выработать соглашение о прекращении насилия,защите мирных граждан, мирном решении всех противоречий. Надо прекратить взаимные санкции, от которых больнее всех страдают третий мир и простые люди.

Қазір дүниежүзінде ұлтаралық, діни жанжалдар өршіп тұр. Ирак, Сирия, Африка, Ауғанстан, Украинадағы соғыстан жазықсыз адамдар шейіт болуда. Тіпті Йемендегі бүліктің Алланың сүйікті мекені Мекке мен Мәдина қаласының маңында жүріп жатқаны алаңдатпай қоймайды. Хақ дін Исламды   құбыжық етіп көрсетіп, лаңкестікті ақтап алғысы келетіндер көп. Осы жерде Назарбаев «Ислам мемлекетінің» содырларын сынға алып еріктілер мен тілшілерді өлім жазасына кесіп жатқан әрекетін адамгершілікке жат деп бағалады. Осының бәрін үнсіз тыңдаған  Пан Ги Мун адамзатты сабырға   толеранттылыққа шақырумен шектелді.

Пан Ги Мун, Біріккен  Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы:

-Дін атын жамылып жасалған  барлық қылмыстар, шындығында дінге қарсы қылмыс болып табылады. Сондықтан төзімділік пен өзара сенімді нығайтып, адамзатқа ізгілікті насихаттау қажет. Негізі демократияға жол ашылса, экстремизм мен терроризмнен төнетін қауіп азая бастайды деп ойлаймын.

Лаңкестік топтар демекші, Әл-Каида, Ислам мемлекетін ірі державалар астыртын қаржыландырып отыр деген пікірлер айтылды. Бірақ, әлемдік саясатқа әмір жүргізгісі келетіндер отпен ойнамауы тиіс.

Равиль Гайнутдин, Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы:

-Дінді алпауыт мемлекеттер өз мүддесі мен халықты арандатып іштен іріту үшін пайдаланып келеді. Экономикалық соғыс аяқталады, алайда діни соғыс ұзаққа созылып кетеді. Сондықтан саясаткерлер қызбалыққа салынып қателікке ұрынбай жауапкершілікті сезінуі тиіс.

Астанаға келіп арадағы келіспеушілікті бір  сәтке ұмытқандар бүгін мұсылман, христиан, будда боп бөлінген жоқ. Олардың ашық сөйлесуіне жағдай жасаған Назарбаев, елімізде түрлі конфессиялардың өзара тату тұрып жатқанын айтты. Қазақтың қонақжайлығына риза болған діндарлар Арқа төсіне араға 3 жыл салып қайта бас қосуға да келісті.

Loading...