Назарбаев Қазақ тағамтану академиясының президенті мен мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасын қабылдады

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, мемлекет басшысының қабылдауында болған Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов халық денсаулығының тағам сапасымен өзара байланысы мәселесін көтерген.

"Халық денсаулығының деңгейін анықтайтын негізгі жеті фактор тағам проблемаларына тікелей байланысты. Тиімді әрі нәрлі ауқаттанатын болса, жүрек-қан тамыр ауруларынан өлу қаупін айтарлықтай қысқартуға болады. Бұл, әсіресе, 50 жастан асқан адамдарға қатысты. Бұл тағам факторларының Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы мен өмір сүру деңгейін анықтайтын маңызды жай болып отырғанының дәлелі", - деді Т. Шарманов.

Кездесу барысында академик жоғарғы және бірінші сұрып ұнын міндетті түрде фортификациялау процедурасын қайта жандандыру, медициналық көмек сапасына оң әсер ететін телемедицинаны дамыту мәселелерін көтерді.

Т. Шарманов үстіміздегі жылдың қазан айында Алматыда Денсаулық сақтаудың ұлы хартиясының 30 жылдығы аталып өтілетінін хабарлады. Ол 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша Халықаралық конференцияда қабылданған еді. ХХ ғасырдағы денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы деген атпен тарихқа енген Алматы декларациясы дүниежүзілік денсаулық сақтаудың іргетасын қалаған құжаттардың бірі болып табылады. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжатпен бекітілген болатын.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, президент сондай-ақ, Қазақстан Республикасының парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбақ Рүстемовты қабылдады.

"Мәжіліс депутаты мемлекет басшысына "Нұр Отан" Халықтық-демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы комитет жұмысы туралы әңгімеледі", - деп көрсетілген мәтінде.

"Мен Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының елді мекендерді су басу салдарын жоюға көрсетілген көмекке байланысты айтқан алғыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткіздім", - деді Н. Рүстемов.