Назарбаев: Қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында тек ұлтаралық келісім сөз болған жоқ. Экономикадан бастап саясат, әлемдегі ахуал барлығы жіті сараланады. Басқосуға қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев тұрақтылық жоқ жерде дамудың болмайтынын, осы жерде Украинадағы жағдайдан сабақ алу керектігін айтты. Президент сондай-ақ ұлтаралық қатынасты, тіл саясатын билікке жетудің құралы ретінде пайдалануға қарсы. Бұл мемлекетке төнген қауіп деген Елбасы Исламды жамылып жұртты тура жолдан адастыра бастағандарды да қатал сынға алды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабамызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дейін солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз еткенін жеткізді. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған.

Ассамблея төрағасы ұлттар арасындағы бірлікті нығайтудан бөлек, экономиканың өсуін де ойлау керектігін айтты. Ол үшін мамырдың ортасында Астанада қол қойылатын Еуразиялық экономикалық одақтың маңызы зор.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Байбалам салып, балаққа шаппай әрекет ете беру керек. Интеграция тәуелсіздікке қауіп төндірмейді. Нарықты кеңейтеді. Есігімізді жауып қымтап отыра алмаймыз ғой. Бұл бәсекелістікті арттырады.

Елімізде тұрып жатқан ұлттардың бәрі тең деген президенттің сөзіне жиналғандар сан мәрте қол соқты. Тіпті шабытқа ерік беріп, Елбасыға жаппай алғыс жаудырды.

-Осылайша, бүгін Келісім және бейбітшілік сарайы өз міндетін толықтай атқарды деуге болады. Екі жарым сағатқа созылған басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев бірлік пен татулықты көздің қаршығындай сақтауға шақырды. Оны нығайту үшін 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды.