Назарбаев Қазақстанда жеке меншік институтты заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуді жетілдіруді ұсынды

Президенттің пікірінше, "жеке меншік институтты нығайту, келісім-шарттарға кепілдік беруге бағытталған арнаулы қадамдар қоғам үшін бұлтарыссыз ілгері жылжуға берік негіз қалайды".

"Қазіргі жағдаймен Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің 85 процентін жеке меншік сектор өндіреді, бұл салада жұмыспен қамтылған халықтың 60 проценті еңбек етеді, шағын және орта бизнес дамып келеді, орта тап қалыптаса бастады, бұларсыз модернизацияны іске асыру мүмкін емес",- деді Елбасы. "Сол себепті жеке меншікке ие, өзінің конструктивті әрі әлеуметтік мүдделерін сезіне алатын орта таптың тұрақты дамуын қамтамасыз ету - қазіргі таңдағы басты мәселе болмақ",- дейді президент.
"Жеке меншік институты ел Конституциясымен қорғалса да, батыс елдеріне тән жеке меншікті құрметтейтін ғасырлық дәстүр қалыптаспаған, келісім-шарт құқықтарын жүзеге асыру тәжірибесі аз",- деді мемлекет басшысы. "Кәсіпорын немесе жеке азаматтың тағдырын заң емес, шенеунік шешетін үрдісті жою керек. Меншік иесі мен меншікті мемлекет, азаматтық қоғам мен оның заңдары қорғауға тиіс",- деді Н.Назарбаев.
"Жеке меншік институт пен келісім-шарттарға негізделген қарым-қатынастарды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың арасынан жүйе түзетін принциптер мен көзқарастарды бекітетін, кәсіпкерлердің іс-қызметіне байланысты біртұтас заң маңызды роль атқаруға тиіс". Сонымен бірге шаралар топтамасына түрлі дау-дамайларды тәуелсіз қарау мен арбитраждық процедуралар жүйесі қамтылуға тиіс.
Н.Назарбаевтың пайымдауынша, "жеке меншік институт пен келісім-шарттарға негізделген қарым-қатынастарды барлық деңгейде құрмет тұтуға тәрбиелеу қажеттігі туындады". "Қазақстанды одан әрі модернизациялау мақсаты барлық деңгейде келісім-шарттық қарым-қатынастар мәдениетін талап етеді. Жеке меншік заңды тұлғалар мен азаматтар арасында адал қарым-қатынас орнауға тиіс. Дүниежүзіндегі көптеген ұлттарға табысқа жетуге дәл осындай жағдай көмек болған",- деді президент.