Назарбаев қоғамды дәйекті демократияландыру мен қуатты мемлекеттік билікті сақтап қалуды қолдайды



"Экономикалық даму арқылы қоғамды либерализациялау - бұл қазір қазақстандық деп атауға тұратын сара жол",- деді Н.Назарбаев. Бұрынғы Кеңестік және басқа да кейбір дамушы елдердің осындай жолды таңдауы дұрыс болғанын әлемдік саясаткерлердің басым бөлігі мойындай бастады. "Мемлекетті табысты ілгерілету, әлеуметтік міндеттемелерді орындап шығу үшін бірінші кезекте ұтымды саясат жүргізу ләзім. Сондықтан да біз экономикалық өсімді, ресурстарды игеруді, инфрақұрылымды дамытуды стратегиялық мақсаттарға қол жеткізудің басты құралдары ретінде айқындап алдық",- деді президент.
"Қазақстан бүгінде дүниежүзіндегі ең бір қарқынды дамып келе жатқан ел",- деді Н.Назарбаев. Ол еліміздің Ішкі жалпы өнімінің орташа өсім қарқыны кейінгі 5 жылда 10,3 проценнтті құрағанын, биыл жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім мөлшері 3,4 мың доллардан асатынын, ал бұл - 1999-жылғы деңгейден 3 есе артық екенін еске салды. "Еліміздің даму қарқыны Жалпы ішкі өнімді жоспардағыдан 2 жыл бұрын , немесе 2008-жылы екі есе арттыруға мүмкіндік береді",- деді мемлекет басшысы. Елбасының айтуынша, ел экономикасының барлық салаларында өнім мөлшерінің артуы нәтижесінде "Қазақстан шикізатқа бір бағытты бағыныштылықтан біртіндеп арылып келеді".
"Экономикалық өсімнің басты локомотиві - мұнай саласын игеру екеніне дау жоқ. Біздің ендігі мақсат - бір жағынан осы саланы дамыта отырып, екінші жағынан, қолда бар байлықты пайдалана отырып оларды жаңаша артықшылықтарға айналдыру, шикізаттың бар немесе жоқтығына қарамастан, бәсекелестік қабілетке ие жаңаша экономика құру болып табылады",- деді президент.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті