Назарбаев төмен пайызбен пәтер берілетінін айтты

Бұл қымбат көліктердің көрмесі емес. Сүліктей қара темір тұлпарға мінген министр, әкім, жалпы «Нұр Отанның» құрамындағы саяси элита тайлы-тұяғы қалмай таңнан Тұңғыш президент атындағы кітапханаға ағылды. Жиында «Нұр Отанның» сайлаушыларына берген уәдесінің қалай орындалып жатқаны сөз болды. Оны бір сағат мұқият тыңдаған Елбасы кейін күтпеген жерден үзіліс жариялап көпшілікті қобалжытып қойды.

-10 минутқа үзіліс жариялаймын.

Тура он минуттан соң қайта оралған президент, ешкім ойламаған жерден халыққа кезекті Жолдауын арнайтынын мәлімдеді. Барлығы аң-таң. Сөйтсек, Ақорда үндеудің мерзімінен бұрын жариялайтынын алдын-ала айтпай құпияда ұстапты. Оның себебін Елбасының өзі түсіндіріп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Алдымыздағы 2-3 жыл бүкіл дүниеге де, елімізге де оңай болмайды. Осыған байланысты мен Жолдауды ертерек жариялайын деп шештім. Қалған 50 күннің ішінде, жаңа жылға дейін Үкімет осы Жолдауға орай не істеу керектігін дайындап, өздерінің шараларын әзірлеп, Жаңа жылдан іске кірісуі керек. Соған уақыт беру үшін ендігі жылы емес, жылдың аяғында Жолдауды жариялап отырмын.

Оның үстіне, жаһанды жайлаған дағдарыс, Батыс пен Ресейдің арасындағы санкция дауы, мұнай бағасының түсуі Қазақстанға әсер етпей қоймасы анық. Бұған қарамастан биылғы жолдауын «Нұрлы жол» деп атаған Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір ауқымды жобаны қолға алды. Яғни, елімізде әуежай, ұшу-қону алаңдары, теңіз инфрақұрылымы жаппай жөнделіп,  жаңадан жол төселіп, теміржол желісі тартылмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сайын даламыздың арасына жол салсақ, экономика өркендейді. Мысалы, Еуропа Ұлты Отан соғысынан кейін инфрақұрылымды дұрыстаудан бастады. Испания, Германия сияқты  мемлекеттердің дамуы жол салудан басталған. Сондықтан, Астананы, Оңтүстікпен, Шығыс, Батыс, Солтүстікпен байланыстыру үшін жол аламыз.

Тіпті «Нұрлы жолдың» аясында шетелден терминалдар салу жоспарланып отыр. Ал осындай ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды   жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 500 миллиард теңге бөлінбек. Сондай-ақ, мұнайдан түскен табыс сақталған Ұлттық қордан алдағы 3 жылда бюджетке 3 миллиард доллардан бөлінбекші. «Нұрлы жолдың» аясында, әлеуметтік салада назардан тыс қалмайды. Мәселен, Құлағалы тұрған мектеп пен үш ауысымдық оқу проблемасын шешу үшін 70 миллиард, балабақша тапшылығын жоюға 20 миллиард, тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеуге 200 миллиард, ал жалға берілетін баспана салуға 180 миллиард жұмсалмақ. Осы жерде, мемлекет басшысы үй алудан үмітін үзгендерді қуантып қойды. Бұған дейінгі бағдарламалардың тек ауқаттыларға арналғанын сынға алған Назарбаев, енді тұрғындарға алғашқы төлемсіз жалдамалы пәтер алуға мүмкіндік туатынын мәлімдеді.



Нұрсұлтан Назарбаев , Қазақстан Республикасының Президенті:

-Жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша, пәтер делдалсыз және ипотеканы төмен пайызбен берілетін болады. 1-2 пайыз жеткілікті шығар. Және алғашқы төлемсіз береміз. Ол әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолжетімді болады.

Қысқасы, жолдан бастап, кәсіпкерлікті дамыту мен әлеуметке Ұлттық қордан бөлінген қаржыда есеп жоқ. Енді сол миллиардтарды ысырап қылмай, жұмсау, тиімді игеру мәселесі тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев , Қазақстан Республикасының Президенті:

-Үкімет ақшаның тиімді жұмсалауын қадағалау керек. Әрбір теңгенің қатаң сұрауы болады.

Елбасының Жолдауын орындауға шенеуніктер шұғыл кірісті.

Өйткені отырыстарына кіргізбей есікті жауып алып кеңесетін Үкімет күтпеген жерден тілшілерге құшағын қайта айқара ашты. Жолдаудың арқасында. Бүгін премьер Кәрім Мәсімов, министр мен әкімдерді тегіс жинап президент айтқан тапсырманың жүзеге асу мерзімін белгілеп берді.

-Осылайша, елді жарқын болашаққа жетелеуі тиіс  «Нұрлы жол» бағдарламасында айтылған ауқымды міндеттерді  министрден бастап әкімге дейін жатқа соғуы тиіс. Себебі стратегиялық құжатты жүзеге асырып,бөлінген қыруар қаржыны ұқсату солардың мойнында.