Назарбаев жол апатын жасаған шенеуніктердің балаларын қатал жазалауды талап етті

Президент келсе сабылатын шенеуніктер бүгін де дайындаған жобаларын жарыса көрсетті. Қағаз жүзінде бәрі жүйрік. Бастысы 2017 жылы өтетін Универсиадаға деп тұрғызылмақ 12 мың орындық мұз айдыны мен спортшылар қосынының құрылысын назарға ұсынды. Әзірге жоба ғана. Бас жоспар бойынша Алатау ауданында бой көтеретін ғимараттар 2016 жылы дайын болуы тиіс. Бұдан бөлек тұрғынүйлердің сапасы мен саны сөз болды. Оны ұйқылы ояу қабылдай салатын мемлекеттік комиссиялардың қызметі де сыналды. Артынша Елбасы Алматы Астананың көлеңкесінде емес, үзеңгілес дамитын мегаполис екенін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Алматының одан әрі қарай дамуы Астананың дамуынан кем болмайды. Сондықтан да біз талай шаруаларды қолға алып жатырмыз.Соңғы кездерде қалып қалған мәдени және спорт кешендерін салу. Болашақта болатын Универсиада және таудағы туризмді дамытамыз деп жатырмыз.

Шаһар басшысыАлматы Астанамен бұл бір ұғым дегенге қанаттанып кетті ме жеткен жетістіктерін тізіп салды.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

-Соңғы 5 жылда жалпы аймақтық өнім 2 есеге өсіп 2013 жылы 6,4 трлн теңгені құрап отыр. Бір адамға шаққанда 27 мың доллар. Салық түсімдерін алатын болсақ 1 трлн 368 млрд болды. 2012 жылмен салыстырғанда 13% өсіп отыр.

Әдемі есепті Есімовтен естіп болған Елбасы қордаланған мәселелерді тілге тиек етті. Айтыла-айтыла жауыр болған көлік кептелісі мен Алманың экологиясы. Табиғи газды қолданбай әлі күн отын жағып Алматының ауасын ластайтын тұрғындарға биылдан қалмай түгел көгілдір отын өткізілмек. Бұған қоса қылмыс жасап немесе жол апатында адам өлтірсе де, сүттен ақ судан таза шығатындарға тосқауыл қою қажеттігі нақты айтылды. Өйткені Алматыда өткен жылы 53 мың қылмыс тіркелген, оның 80 пайызы ашылмағаны қатты тиді құқық қорғау саласының қызметкерлеріне.


Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының президенті:

-  Жол апаты 3 есеге өскен. Бұл ретте жол-көлік апаты танымал адамдардың балаларының және туыстарының қатысуымен орын алатындығы жайында фактілер бар. Заң алдында барлығы да бірдей. Сондықтан да бұл жағдайларда балаларды да, ата-аналарды да қатаң жазалау қажет.

- Сауырына қамшы тимесе қызметіне салақ қарайтындар жуырда жол тәртібін тым қатал қылары әмбеге аян. Ол да жөн, өйткені өткен жылы Алматының тас жолдарында 7 мың жол апаты болыпты. Басты кінәрат 1 жарым млн қала тұрғынының көбісінде көлік бар. Бірақ тас жолдар тар деп ақталатын бұрын шенеуніктер. Сондықтан былтыр Алматыда 6 жолайрық салынған, биыл тағы төртеуін тұрғызу жоспарда.