Назарбаева тендер арқылы байыған бизнесмендердің аты-жөнін жариялауды талап етті

Табысы көп тендер талай әкім мен министрлердің түбіне жеткені аян. Алайда, бұл төңіректе әлі былық көп. Сондықтан бүгін Мәжіліске  «Мемлекеттік сатып алу» туралы жаңа заңды әкелген Қаржы министрін депутаттар жан-жақтан қыспаққа алды. Бірақ Сұлтанов тосылып қалмауға тырысты.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

-Біріншіден, сатып алуды электронды форматқа өткізу.Екінші, мемлекеттік сатып алдың у веб- порталын өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау.Үшінші, сатып алу үлесін қысқарту.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесіне электронды дүкен енгізіліп отыр. Яғни, бұдан-былай компания тауар туралы нақты мәліметті ғаламторға іліп қоюы тиіс. Тапсырыс беруші сол арқылы таңдау жасайды. Депутаттар дәл осы тауардың бағасы мен сапасына келгенде шүйлікті. Тіпті тауардың қай елде жасалғаны да жазылсын дейді мәжілісмендер.

Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:

-Қай мемлекеттен алатынымызды да көрсету керек шығар. Себебі, біз білеміз, сіздің бір комитетіңіз  кезінде шай сервизін  алған. Онда «Мадоннаның» бағасын қойып, кейін он есе арзан  қытайдың шай сервизін алған.

Депутаттар министр мақтаған электронды жүйенің жиі істен шығатынын да ескертті. Бір қызығы сол үнемі  бұзылатын техника қажетті адамдарға келгенде ғана қосылады екен. Осы жерде Дариға Назарбаева  тендердің қызығын көріп отырғандардың аты-жөнін жариялауды сұрады.


Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасының орынбасары:

-2013 жылы 15 адам тендердың 37 пайызын жеңіп алып, түрлі фирмалар арқылы мемлекеттің 400 миллиард теңгесін қалтаға басқан. Ол жолы болған қандай жандар? Әңгіме бюджеттегі біз бен сізге ортақ ақша жайлы болып жатқан соң 15  адамның кім екенін білуге құқығымыз бар.

Алайда, министр бюджеттің қыруар қаржысын тендер арқылы кімдердің ұтып алып жатқанын ашып айтқан жоқ. «Білмеймін» дегендей сыңай танытып, сауалдан сытылып кетті. Ал онсызда былығы көп мемлекеттік тендерге енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер, яғни Ресей мен Беларусьтің кәсіпкерлері қатыса алады. Осыған қарағанда, қазынаның миллиардтарына талас қазіргіден де күшеюі мүмкін.

Loading...