Назарбаевты ұлықтау рәсімі қалай өтті?

Сағат тілі күндізгі 10:43-ті көрсеткенде Ақорданың есігін құрмет қарауылы айқара ашты. Нұрсұлтан Назарбаев мінген лимузинді 14 мотоциклге мінген оққағарлар қоршауға алған. Жол бойына 50-ге жуық жағалай камера орнатылыпты. Тіпті әуеден тікұшақпен түсірілім жасалды. Президент кортежін дәл осылай тікелей эфирден көру – халыққа тек ұлықтау рәсімінде бұйырады. Есілдің сол жағалауын осылай айналып жүрген кортеж Тәуелсіздік сарайына 7 минутта жетті.

Тәуелсіздік сарайының алдынан президентті 2011 жылдағыдай 40 мыңнан астам адам емес, сап түзеген элиталық бөлімнің сарбаздары күтіп алып 21 рет зеңбіректен  оқ  атты.Ал салтанатты шара өтетін залға бірден кірген Назарбаевты  жиналғандар ерекше қолдаумен қарсы алды.

-Елім менің аңсаған

Тас бұғаудан босаған

Берік болсын отауың

Берік болсын босағаң

Төселген қызыл кілеммен жүрген президент дәл осы жерде сәл кідіріп, кейін мінберге көтерілген соң инаугурацияның ресми шаралары басталды. Протоколға сай алдымен жаңадан сайланған Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға оң қолын қойып ант берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн.

Осыдан соң Елбасы туды сүйіп көк байраққа тағзым етті. Конституция бойынша, осы сәттен бастап Қазақстан президенті қызметіне ресми түрде кіріседі. Мұның дәлелі ретінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жаңа президент куәлігін табыстады. Бұл құжатты Нұрсұлтан Назарбаев алдымен оң қалтасына кейін қайта шығарып костюмінің сол қалтасына салды. Енді бұл куәлік 5 жыл бойы жарамды. Сайлауда қарсылас болған Құсайынов пен Сыздықов та бүгін төбе көрсетіп Назарбаевты жеңісімен құттықтады. Ал хаттамаға сай іс шаралар аяқталғаннан кейін таққа отырған президент отаны үшін барлық тәуекелге баратынын айтып ағынан жарылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Маған берілген сенім мандаты ұлы мақсатқа жету жолындағы халқымның берген ақ батасы. Бұл «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» стратегиясына, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен 5 халықтық реформаға елімнің білдірген қолдауы. Өмірін халқының бақытты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмас. Мен үшін елдің сенімінен асқан мәртебе жоқ. Сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де бармын.

Осы жерде Назарбаев Қазақстанның дамуына кедергі келтіретін 5 қауіпті атады. Бұлар экономикалық дағдарыс, әлемдегі қарулы қақтығыстар, ірі державалар арасындағы санкция соғысы. Тіпті Орталық Азияны жаңа күйзелістер күтіп тұр. Қиындықтарға төтеп беру үшін мемлекет бизнесті қолдап жаңадан жұмыс орындарын ашып, жемқорлықпен күресті күшейтпек. Елін жарқын болашаққа жетелеуге уәде еткен Назарбаевты кейін Тәуелсіздік сарайының алдында Қорғаныс министрі күтіп алып ұлықтау рәсімінің құрметіне Жоғарғы Бас қолбасшы алдында сарбаздар сап түзеді.

Осылайша инаугурация тура 1 сағатқа созылды. Ұлықтау рәсімін Ақорда 2011 жылдағыдай  шағын әрі қарапайым өткізді. Шетел президенттері де шақыртылған жоқ, тек елшілер келген. Десек те, бұл оның сән-салтанатпен өтуіне кедергі келтірген жоқ. Ал ұлықтаудан соң Нұрсұлтан Назарбаев бір сәтке де дамыл таппай еңсесі биік Ақордасына оралып, үйреншікті қызметіне қайта кірісіп кетті.

Loading...